ШҚТУ-дың жалпы табысындағы ғылымның үлесі - 33%
Мемлекет тарапынан қазіргі кезде ғылымға жан-жақты қолдаулар көрсетіліп, соңғы жылдары ғылыми зерттеулерді мемлекеттік қаржыландырудың көлемі ұлғайып, тетіктері жетілдіріліп жатыр. Жас ғалымдарды ынталандыру үшін докторантураға және ғылыми зерттеулерге бөлінетін гранттар саны да артты.
Елде 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді және технологияларды коммерцияландыруды (өндіріске енгізуді) қаржыландыру республикалық бюджеттен 3,5 есеге ұлғайтылып, 643 млрд теңгеге жетті. Бұл Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ мамандарын, ғалымдарын да ынталандырып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Университеттің жас ғалымдары көптеген бағыттар бойынша ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізуде. «Ақылды» ауыл шаруашылығын геоақпараттық қамтамасыз етуге қатысты зерттеулер: беткі жағының биоүйлесімділік қасиеттері жақсартылған медициналық металл импланттарын аддитивті өндіру технологиялары; сұранысқа ие өнеркәсіптік өнімді алу үшін алюминий өндірісінің қалдықтарын пайдалану технологиялары; т.б ғылыми жобалар жас ғалымдардың ізденістерімен іске асырылып жатыр. Бүгінде Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың жалпы табысындағы ғылымның үлесі - 33%.
ШҚТУ-дағы металлургия ғылымының PhD докторы, халықаралық инженерия мектебінің аға оқытушысы Райгүл Рамазанова Катонқарағай ауданының Белқарағай ауылындағы орта мектептің түлегі. Ол «Жас ғалым» жобасы бойынша « Тотыққан мырыш кенін өңдеудің жаңа гидрометаллургиялық технологиясын әзірлеу» бағытында ғылыми зерттеу жүргізіп жатыр. 2022-2024 жылдарда жүргізілетін жұмысқа мемлекеттен 19 млн. теңге грант беріліп отыр.
2023-2025 жылдарға арналған 74 млн гранттық қаржыландыруды жеңіп алған жас ғалым, ғылым докторы, «Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект мектебінің» аға оқытушысы Альбина Қадыролдина «3D сканерлеу және жабындарды микроплазмалық бүрку технологиялары үшін робот-манипуляторды басқарудың жаңа алгоритмдері» жобасын жүзеге асырып, өз еңбегін машина құрастыру т.б өнеркәсіптерге ұсынбақ екен.
Жанаргүл Мұқатай