KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, С
504.44 545.65 5.95

Жас мамандарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

29.03.2025, 09:00 304 Гульжан Мусина

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы, Еңбек ұтқырлығы орталығы және С. Аманжолов атындағы ШҚУ 2024-2025 оқу жылы түлектері мен «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасына қатысушылар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды.

Іс-шараның салтанатты ашылуында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшылығы студенттерді және жас мамандарды қолдау бағдарламалары туралы ақпараттандырды. Өскемен қаласының мансап орталығының директоры Арайлым Есімбекова жұмыс берушілер мен жас мамандар арасында байланыс орнатуға бағытталған бұл ізгі шараның биыл жетінші рет өткізіліп отырғанын атап өтті.

— Алғашқы жұмыс орны, жастар тәжірибесі сияқты мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары туралы жастарға түсіндірудеміз, — деді Арайлым Керімбекқызы. — Университетте әскери кафедра болғандықтан, жастар әскери бөлімдерге жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Үлкен екі әскери бөлім де жұмыс орындарын ұсынады.

Жәрмеңкеде ұсынылған жұмыс орындарының ауқымы кең болды. Әскери бөлімдерден бөлек, «Согра ЖЭО» ЖШС, «БЭСК» АҚ, «Эмиль» компаниялары, сондай-ақ қалалар мен аудандардың мектептері жастарға бос жұмыс орындарын ұсынды. Іс-шараның салтанатты бөлігінде С. Аманжолов атындағы ШҚУ мен жұмыс берушілер арасында диплом алғанға дейін жұмысқа орналастыру жөнінде келісімге қол қойылды.

— Мамандықтар жәрмеңкесі арқылы «Асыл Мирас» орталығына орналасу туралы қолдау хат алдым. Дипломымды әлі алмасам да, алдағы бағытымды анықтап, мамандығым бойынша қажетті жұмысымды тауып жатырмын, — дейді 4-курс студенті Тұмар Уатханова.

Биыл С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да педагогикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік грантпен 667 студент түлеп ұшады. Университет ректоры жас мамандар үшін жұмыс орындарының дайын екенін атап өтті.

— Біз үшін ЖОО бітіргеннен кейін студенттердің диплом алып, жұмыспен қамтылуы өте маңызды. Университетімізде «Серпін» бағдарламасы аясында 441 студент білім алып жатса, 131 маман биыл оқуын аяқтайды. Бүгінгі шара жастардың жұмысқа орналасуына зор мүмкіндік береді, — деді С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Жәрмеңкенің салтанатты ашылуынан кейін жастар жұмыс берушілермен сұхбаттасып, сауалнамадан өтуге кірісті. Ресми жұмыс берушілерден бөлек, электронды еңбек платформасында ұсынылған 1600-ге жуық бос жұмыс орны да болашақ мамандардың назарына ұсынылды.

Айдос Мырзахметов

Фото: Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу