Марқакөл ауданында аудандық полиция бөлімінің жаңартылған ғимараты ашылды
Марқакөл ауданында аудандық полиция бөлімінің жаңартылған ғимараты ашылды. Салтанатты іс-шараға Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полковник Руфат Қажымқанов, аудан әкімі, әкімдік өкілдері, қоғам белсенділері және ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.
Күрделі жөндеуден кейін ғимаратта кең кабинеттер, заманауи жиһаз және бейнебақылау жүйесі орнатылды. Сонымен қатар, азаматтар үшін өтініштерді қабылдайтын арнайы кеңсе ұйымдастырылды.
Полковник Қажымқанов жеке құрамға алғысын білдіріп, олардың қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрінің тапсырмаларын еске салып, құқықбұзушылықтың алдын алуға ерекше назар аудару қажеттігін айтты.
Сонымен қатар, департамент бастығының орынбасары қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосқан белсенді тұрғындарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстап, ішкі істер органдарының ардагерлеріне қызметке қосқан үлестері үшін ризашылығын білдірді.
Сапар барысында ол жергілікті билік пен қоғам өкілдерімен кездесіп, қауіпсіздікті арттыру шараларын талқылады. Әсіресе, ауылдық жерлердегі өзекті мәселелердің бірі – мал ұрлығымен күреске ерекше көңіл бөлінді.