Ұлттық ұланның курсанттары шығыстағы әскери бөлімдерге келді
Ұлттық ұлан академиясының 4-курс курсанттары өндірістік тәжірибеден өту және мамандық бойынша қажетті дағдыларды алу үшін "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдеріне табан тіреді.
Жас офицерлер әскери академия қабырғасында алған теориялық білімдерін әскери бөлімде сәтті қолдануды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Altainews.kz сайты «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Курсанттар білім ордасында меңгерген іскерліктері мен жауынгерлік дағдыларын тағылымдаман өту барысында жүзеге асырып, болашақта қызметтік-жауынгерлік міндеттерді шебер орындау үшін тәжірибе жинақтайды.
Ал курсант Александр Фрузенков автомобиль взводының командирі лауазымында тағылымдамадан өтеді. Оның мамандығы - жеке құрамның жоғары жауынгерлік дайындығын сақтау, сондай-ақ бөлімшеге бекітілген техника мен қару-жарақтың жай-күйін бақылау. Сонымен қатар, техникалық қамтамасыз ету маманы ретінде оның міндетіне техниканы жарамды күйде ұстау, оған техникалық қызмет көрсету мен жөндеуді жоспарлау, техниканы дұрыс пайдалану, сауатты мамандарды жүргізушілерді даярлау кіреді.
Ұлттық ұлан әскери академиясының аяқталуы бойынша курсанттар лейтенант әскери атағы мен әскери іс және қауіпсіздік бакалавры академиялық дәрежесін алады. Сондай-ақ олар белгіленген үлгідегі төсбелгілерді алады және одан әрі Ұлттық ұланда және басқа да әскер тектерінде қызмет етеді.