Ақжар ауылындағы туберкулез диспансеріне қатысты ақпарат жалған екені айтылды
Өткен аптада әлеуметтік желілерде ШҚО фтизиопульмонологиялық орталығының Тарбағатай ауданы Ақжар ауылындағы стационарына қатысты пациенттердің шағымы түсірілген бейнеролик тарады. Ол жерде науқастар бөлімшеде ешқандай санитарлық қолайлы жағдайлар жасалмағанына, тамақтың нәрсіздігіне, кейбіреуі дұрыс ем-дом алмай отырғанына шағымданды.
ШҚО фтизиопульмонологиялық орталығы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін жинап, мәселенің мән-жағдайын түсіндірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Бақсам, бақа екен» демекші, белгісіз блогердің түсірген «киносы» шындыққа мүлде жанаспайтын болып шықты.
Облыстық фтизиопульмонологиялық орталығының Ақжар ауылындағы стационары -туберкулездің дәріге төзімді түрімен ауыратын науқастарды және емделуден бас тартқандарды мәжбүрлеп емдеуге арналған мекеме. Туберкулез қоғамға қауіпті әлеуметтік аурулардың бірі болғандықтан, дерттен емделмей қашып жүрген, бір айда кемінде жеті рет ем-домын қабылдамаған пациенттер соттың шешімімен осы стационарға жатқызылады.
ШҚО фтизиопульмонологиялық орталығы басшысының орынбасары Болатбек Елшібеков шағымданған әр пациенттің ауру тарихымен таныстырып шықты. Олардың барлығы туберкулездің дәріге төзімді түрімен ауырады. Одан басқа созылмалы дерттері де бар. Бір пациент бірнеше рет тұрғылықты жерін ауыстырып, тіпті басқа облыстарда да тұрып келген. Диагнозын біле тұра, Өскемен қаласындағы балалар киімін сататын дүкендердің бірінде жұмыс істеген.
Денсаулық сақтау министрінің «Туберкулездің алдын алу жөніндегі іс - шараларды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының 187-тармағына сәйкес дәріге төзімді туберкулезге байланысты ем алатын пациенттерді тәулігіне бес рет тамақтандыру және оның калориясы кемінде 6 мың ккал болуы қарастырылған. Орталық басшысы орынбасарының айтуынша, науқастардың тамаққа, киім-кешекпен қамтуға қатысты айтқандары да шындыққа жанаспайды.
Туберкулездің дәріге төзімді түрімен ауыратын және емделуден бас тартатын науқастар өте күрделі. Оларды іздестіріп, ем-дом алу үшін емханаларға жетектеп әкелетін «Қуат» үкіметтік емес ұйымының мамандары екен.
«AQNİET» ШҚО денсаулық сақтау қызметкерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» филиалының төрағасы Михаил Айзенберг жала жабу мен жалған ақпарат таратқаны үшін блогерді жауапқа тартуға болатынын ескертті.
Фото: Валерий Шведов