KZ
Өскемен
+28°
переменная облачность жел 1 м/с, В
510.59 578.91 6.37

Өскеменде Конституцияның 30 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті (видео)

18.04.2025, 13:00 305 Айна Бакимбаева

Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Конституциялық заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету – құқықтық мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі ретінде» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толуына арналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жиынның басты мақсаты — конституциялық құндылықтарды терең зерделеп, оларды қоғам өміріне тиімді енгізудің нақты жолдарын ұсыну. Конференция аясында құқық қорғау органдары, заң мамандары мен жоғары оқу орындарының оқытушылары ашық пікір алмасты. Конференция жұмысына ҚР Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров, облыстық соттың төрағасы Манат Комиршинов, облыстың бас прокуроры Алмат Байшулаков, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Денис Шакенов қатысып, ойларын ортаға салды. 

ҚР Конституциялық соты төрағасының орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты Бақыт Нұрмұханов өз сөзінде елімізде осы күнге дейін төрт ауқымды конституциялық реформа жүргізілгенін атап өтті. Әсіресе, 2022 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан реформаның тарихи мәніне ерекше тоқталды. Аталған реформаның маңызды нәтижесі – Конституциялық соттың құрылуы болды.

- Бүгінгі біздің бас қосуымыздың негізгі мақсаты-осы конституциялық құндылықтарды жан-жақты талдап, оларды өмірге барынша енгізу мақсатында тың ұсыныстар әзірлеу. Осы мақсатпен біз Шығыс Қазақстан облысының жергілікті құқық қорғау, заң құрылымдары, білім беру мекемелерінде, ғалымдармен кездесіп, осындай ұсыныстар әзірлейтін боламыз. Қазіргі таңда Конституциялық сотқа 10 000-нан астам азамат жүгінді. Азаматтар заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін анықтау мақсатында өтініштер жолдаған. Сот 70 түпкілікті шешім қабылдаса, соның ішінде 16 жағдайда заңдарға ресми түсіндірме беріліп, 32 жағдайда Үкімет пен мемлекеттік органдарға заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар жолданды. Бұл Конституциялық соттың азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы маңызды тетігіне айналғанын көрсетеді, - деді Бақыт Маратұлы.

Конституцияға енгізілген өзгерістердің тәжірибеде жүзеге асу деңгейін талқылаған сарапшылардың бірі — конституциялық реформаларға тікелей қатысқан, жұмыс тобының мүшесі Сара Идырышева болды. Ол өз сөзінде құқықтық және саяси ғылым салаларында жаңа конституциялық нормалардың іске асу мәселелері әлі де жан-жақты зерттеуді қажет ететінін айтты. Оның пікірінше, дәл осындай халықаралық форматтағы ғылыми кездесулер конституциялық жаңашылдықтарды талқылауға арналған тиімді платформа болып табылады.
Бас прокурордың Конституциялық соттағы өкілі, кеңесшісі Талғат Адамов өз сөзінде Конституцияның азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі шешуші рөліне тоқталды.

- Еліміздің Негізгі заңында көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы — адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады. Сондықтан конституциялық нормаларды жүзеге асыруда әрбір азаматтың мүддесі ескеріліп, құқықтық тәртіп пен әділеттілік басым болуы тиіс, - деген пікірін жеткізді Талғат Адамов.

Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Төлеген Мұхтар Бақыт Нұрмұхановтың аталмыш жоғары оқу орнының түлегі екенін, осы білім ордасында оқып, үш жыл қызмет атқарғанын мақтанышпен атап өтті. 

- Мен университет басшылығына, облыс басшылығына, барлықтарыңызға осындай алқалы жиын ұйымдастырғандарыңызға үлкен ризашылығымды білдіремін. Осы оқу орнында инклюзивті білім орталығы бар, онда мүгедектігі бар жандар жоғары білім алады. Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, мен Ата Заңымыздың былтыр  зағип жандар үшін жазылған нұсқасын табыстағым келеді, - деген Бақыт Маратұлы көру мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған құнды тартуын табыстады. 

Конференция барысында ұсынылған бастамалар мен ғылыми пікірлер конституциялық заңдылықты жетілдіру, құқықтық мәдениетті арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында маңызды негіз болмақ. Мұндай кездесулер құқықтық мемлекеттің тұрақты дамуына тың серпін береді.

Фото/видео: Ермек Жиенбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу