«Құдайы тамақ тойға айналмауы керек» – ШҚО ақсақалдары
Шығыстың бас имамы мен ақсақалдар алқасы ас беру, қонақасы ұйымдастыру, жаназа және жерлеу рәсімдеріне қатысты мәселелерді талқылап, ысырапқа жол бермей, діни парыздарды дұрыс орындауға шақырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Халифа Алтай мешітінде «Ислам және отбасы құндылықтары» жылы аясында «Ас беру мәдениеті – қоғам өркениетінің көрінісі» тақырыбында облыстық ақсақалдар кеңесі мен ҚМДБ ШҚО өкілдерінің қатысуымен отырыс өтті. Жиында ас беру мен қонақасы кезіндегі ысырап, жаназа мен жерлеу рәсімдеріндегі кемшіліктер кеңінен талқыланды.
Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ас беру мәдениетіне байланысты арнайы құжат қабылдаған. Бас имам Думан Нәдірұлы осы құжаттағы негізгі талаптарды атап өтті.
Сонымен қатар, ақсақалдар дәмханаларда қонақасы ұйымдастыруды да ысыраптың бір түрі деп бағалады. Себебі қаралы үйдің иелері сол күні дастархан әзірлеу мен орын іздеумен айналысып, көңіл айтып келген адамдарды қарсы алуға үлгере алмай жатады. Осыған байланысты қонақасыны үй жағдайында өткізіп, келген кісіге ауыз тигізіп, шай беру әлдеқайда лайықтырақ болатыны айтылды.
Сондай-ақ, құдайы астың уақыты жұма намазымен сәйкес келмеуі тиіс деген ұсыныс та көтерілді.