Өскеменде ушудан ел кубогы үшін жарыс мәресіне жетті
Өскеменде ушудан Қазақстан кубогы үшін жарыс мәресіне жетті.
Аталмыш бәсекеде үздік нәтиже көрсеткен спортшылар алдағы ел біріншілігінде өнер көрсететін болады. Ал ол жарыста топ жарғандар Азия чемпионатында ел намысын қорғамақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасынан хабарлағандай, алты күнге созылған жарысқа республикамыздың 13 қаласы мен облысынан келген 200-ге тарта саңлақ қатысты. Бұл жолғы дода ушудың екі түрінен өткенін айту керек. Олар: таолу мен саньда.
Аса тартысты өрбіген жарыс қорытындысы бойынша саньда санатында Алматы қаласының құрамасы жеңіске жетсе, екінші орынға Алматы облысының командасы көтерілді. Ал үздік үштікті астаналық ушу шеберлері түйіндеді.
Әлбетте, бұл бәсекеден біздің облыс спортшылары да тыс қалған жоқ. Жалпы, биылғы жарыста облыс құрамасының сапында 17 жерлесіміз өнер көрсетті. Әсіресе, таолу санатындағы жарыста шығысқазақстандықтардың жетістіктері айтарлықтай болды.
Олардың ішіндегі ең тәуір нәтижелерді жекелей аталымдарда топ жарған Татьяна Фонченко мен Анна Крюкович көрсетті. Бұл ретте, Анна Крюкович бірден екі номинация (Дәстүрлі қысқа қару және Тайцзи дәстүрлі қаруы) бойынша үздік атанғанын айту керек.
Сондай-ақ облыс қоржынына жүлде салғандардың арасында Римма Кульминская, Светлана Санина, Анастасия Бычкова (үшеуі де екінші орын), Татьяна Татаренко мен Лариса Пилипенко (екеуі де үшінші орын) де болды.
Спортшыларымыздың осындай жетістіктері арқасында Шығыс Қазақстан құрамасы таолу бәсекесінің екінші орнына табан тіреді. Жерлестеріміз тек Алматы қаласының құрамасына жол беріп қойды. Ал үшінші орынға Астана қаласының командасы ие болды.
Тағы бір айта кетер жайт, ушу-саньдадан өткен сайыста да бірнеше жерлесіміздің қанжығасы майланған-ды. Олар: Қырмызы Тоқтамыс (48 келіге дейінгі салмақ, екінші орын), Манарбек Әсембай (75 келіге дейінгі салмақ, екінші орын) және Бағлан Көшкенбаев (80 келіге дейінгі салмақ, үшінші орын).
Жоғарыда жазғанымыздай, бұл сын биылғы қыркүйек айында Макаода (Қытай) өтетін Азия чемпионатының бірінші іріктеу кезеңі саналады.
Cуреттер ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасынан алынды