Республикалық жолдың бойындағы су өткізу құбырлары тексерілді - ШҚО
Өскемен-Алтай республикалық маңызы бар көлік жолының бойындағы көпірлер мен су өткізу құрылыстары қардан тазаланып, қалыпты жағдайға келтірілді.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов Алтай ауданына жұмыс сапары барысында жол қызметінің көктемгі су тасқынына қарсы жұмысын тексерді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ұзындығы 200 км-ден асатын жолдың бойында жүздеген су өткізу құбыры бар, олардың жиырмадан астамында тасқын қауіпі жоғары.
Сондай-ақ Тұрғысын ауылындағы Бұқтырма өзенінің жағалауына салынған бөгеттің жағдайы тексерілді. Ұзындығы 1,5 км-ден асатын, биіктігі 3 метр, ені 5 метр болатын бөгет 2010 жылы тұрғызылған және өзен деңгейі көтерілген кезде топан суға берік тосқауыл болып келеді.
Тексеру нәтижесінде бөгетке бақылауды күшейтіп, қар мен мұздың әсерінен тоза бастаған тұстарын нығайту жөнінде тапсырма берілді.
Сондай-ақ 15 наурызда Бұқтырма өзенінде мұз жару бойынша жарылыс жұмыстары жоспарланған.