KZ
Өскемен
+4°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

Шығыстың тілшілері арасында садақ атудан сайыс өтті

19.03.2024, 21:09 7 979 Қызырбек Дүргінбайұлы

Бұған дейін жырдан жаттап өскен «садақ толы сай кез оқты» қорамсаққа салып жүрер жастардың қатары көбейіп келеді. Соның бір дәлелі - күні кеше қаламды «қаруға» алмастырған тілшілер қауымы бір сәт садақ атып сайысты. Өскеменде өткен садақ ату сайысын ҚР Журналистер Одағының облыстық филиалы ұйымдастырды.

Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымдастырылған сайысқа жиналған журналистердің қарасы көп, белсенділігі жоғары. Соңғы кезде садақ ату спорты дамып келе жатқандығынан болар садақтарын асынып, қорамсағына жебесін толтырып келгендердің қарасы көп болды. Сайысқа 50-ге жуық журналист қатысып, ұлттық спортты ұлықтап қайтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Тілшілер қауымының түгелдей дерлік ұлттық киіммен келгендігі де көңілге қуаныш сыйлады. Тек облыс орталығының ғана емес, алыс аудандардан да садақ асынған сөз мергендері келіпті. Арысы Абай облысынан, берісі Катонқарағай, Самар, Ұлан аудандарынан келіп, сайыста бақ сынап қайтты.

Садақ ату сайысы ардагер журналист, көп жыл облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы болған Уәлихан Тоқпатаев ағамыздың батасымен басталды. 

 

– Бабаларымыз ақ білектің күшімен садақ тартып, жаугершілік заманда ұлан-ғайыр атырапты кейінгі ұрпағына аманат етіп қалдырып кетті. Ендігі тілеріміз сол, ел аман болсын. Бұл жебені бұрындары ел мен жерді жаудан қорғау үшін қолданса, бүгінде көшпенділер ойынында тек сәнге тартып жүрейік. Әр журналистің өзінің асқақ арманы болады. Елдің жоғын жоқтап, мәселесіне үңіледі. Сол арман жолында ойлағандарыңыз әркез орындала берсін, – деді ардагер журналист Уәлихан Тоқпатаев.

Садақшылар қыздар және ұлдар болып жеке-жеке бақ сынасты. Әуелі сегіздік топқа бөлініп іріктеу кезеңін өткізді. Ал іріктеу кезеңінен өткен 8 журналист жекпе-жекте жолықты. Қызығы сол, ең жоғары ұпай жинаған қатысушы мен ең төмен ұпай алғандар өзара сайысқа түсті. Нақтырақ айтқанда, 2-ші мен 7-ші, 3-ші мен 6-шы, 4-ші мен 5-ші орындар жұптасып, мергендер анықтала берді.

– Журналистер арасында сайыстың кез келген түрін өткізе беруге болады. Десе де ойлана келе садақ ату сайысын өткізуді жөн деп шештік. Осылай ұлттық спортты ұлықтап, Наурыз мейрамын мерекелік көңіл күйде қарсы алуды мақсат еттік. Мен әуелгіде журналистер көп жинала қоймас деп ойлап едім. Міне, тілшілер қауымы белсенділік танытып, ұлттық спортқа деген қызығушылық жоғары екендігін көрсетті. Жеңімпаз атанған мергендерге демеушілердің қолдауымен ақшалай сыйлық табыстап, мойынына медаль тақтық. Бұл шара алдағы тағы да жалғасын табатын болады, – деді «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, ҚР Журналистер Одағының ШҚО филиалының төрағасы Мерей Қайнарұлы.

 

Нысанадан мүлт кетпеген «Altai-News» медиа орталығы қазақ редакциясының SMM-маманы Ынтымақ Толқын үздік сұрмерген атанды.

 

Ал жүлделі ІІ орынды «Altai-News» медиа орталығы қазақ редакциясының бас редакторы Серік Әбілхан еншіледі.

 

Үздік үштікке Абай облысының Көкпекті ауданынан келген журналист Дархан Бердібек табан тіреді.

 

Қыздар арасында «Менің өлкем» газетінің тілшісі Дидар Ерболатқызы сұрмерген атанса, жүлделі ІІ орын «Altai-News» медиа орталығының фототілшісі Аяужан Утеулиноваға бұйырды. Үшінші орынды «Менің өлкем» газетінің тілшісі Қымбат Мухамадиева қанжығаға байлады. 

 

Сондай-ақ екі арнайы жүлденің бірі «Азаттық радиосының» тілшісі Тасқын Болатұлына табысталса, енді бірі «Altai» телеарнасының тілшісі Гүлдана Айдарқызына бұйырды.

 

Ал "Үздік образ" аталымы бойынша Altainews.kz сайтының администраторы Анель Абзалбекова мен белгілі журналист әрі блогер Дарын Нұрсапар марапатталды.

 

Осылайша, журналистер қауымы Наурыз мейрамын мерекелік көңіл күйде қарсы алды.

Фото: Тілеубек Шаяхмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу