Риддерде тұңғыш рет садақ ату орталығы ашылды
Елімізде көнеден жеткен садақ ату дәстүрі қайта жанданып келеді.
Шығыс Қазақстан облысында соңғы жылдары мергендікке баулитын садақ ату орталықтары бірінен соң бірі ашылып жатыр. Ендігі кезек кеншілер қаласы Риддерге де келіп жетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл өңірде балалар мен ересектерге ұлттық спортымызбен еркін айналысуға мүмкіндік туды. Мергендерді Азат Баяндин тәрбиелеп жатыр. Кәсіп иесі өз қаражатына керек-жарағын алып, ғимарат жалдаған. Айтуынша, мақсаты дәстүрлі садақ ату өнерін насихаттау, яғни оны қазақтың ұлттық спорттық өнері ретінде дамыту екен.
Садақ ату үйірмесіне қатысам деген адамға еш шектеу жоқ. Қаланың байырғы тұрғыны Игорь есімді азамат алғашқылардың бірі болып, сауда ату орталығына келіп, бос уақыты бола қалғанда мергендігін сынап кетеді екен. Риддерде қазақтың садақ ату дәстүрінің бастау алғанына өте қуанышты екенін жеткізді.
Садақ бейбіт заманда аңшылықтың, жаугершілік заманда қорғаныстың құралы болған. Ал 19 ғасырдан бастап садақ ату спорттық өнерге айналды. 2022 жылдан бастап Қазақстанда дәстүрлі садақ ату спорт түрі ретінде ресми түрде бекітілді.
Қуаныш Рахметоллаұлы
Фото: Аяужан Утеулинова