KZ
Өскемен
-2°
туман жел 1 м/с, СШ
478.96 533.03 5.22

Катонқарағайда Наурыз тойына арналған бәйге өтті

22.03.2024, 15:00 328 Назерке Каримова

Оған Катонқарағай мен Үлкен Нарын өңірінен келген 30-дан астам қылқұйрық қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бәйге көркін 5 шақырымдық құнан, 5  және 10 шақырымдық  ересек аттардың  жарысы қыздырды.

Атшабарға жиылған қалың көпшілік алдымен  5  шақырымдық құнан бәйгені тамашалады. Бұнда сөреден бес ат жарыс жолына шықты. Екі айналымның нәтижесінде мәреге  бірінші болып Жаңа Үлгі ауылынан Ерболат Кәкітаевтың «Жебе» атты сәйгүлігі жетсе, екіншіге Алтынбелден Талғат Юкпаевтың «Балтабайы», үшінші орынға Катонқарағай ауылынан Марат Мұстафиннің тұлпары үзеңгілесе жетті. 

Бәйге әрмен қарай 5 шақырымдық ересек аттардың жарысына жалғасты. Екі айналымдық қашықтықты өзгелерден бұрын Үлкен Нарыннан Диас Қалиқасов баптаған «Абырой» атты торысы бағындырса, екінші және үшінші болып Алтынбел ауылынан Айдар Құсайыновтың «Биік қоңыр» атты жүйрігі мен Өрнек ауылынан Қайрат Серкеневтің «Бақторысы» тістесе келді.

Ат жарысын 10 шақырымдық топ бәйге тәмамдады. Төрт айналымдық жарыс жолына шыққан он екі сәйгүліктің арасынан Алтынбелден Ержан Құсайыновтың «Титан» атты торысы  қара үзсе,  екінші болып мәреге Жаңа Үлгіден Бақытжан Құмашевтың тұлпары желдей ұшып жетсе, үшінші орын Еңбек ауылынан Айдын Бәкімбаевтың «Лашын» атты жирен қасқасына бұйырды.

Сондай-ақ, Ұлыс күнінде ауданда бәйгеден бөлек, аударыспақ, қазақ күресі, қол күресі, арқан тарту, қой көтеру сияқты ұлттық спорт түрлері бойынша жарыс өтті. Спорттық шараларда жеңімпаз атанған жандарға  бағалы сыйлықтар мен қомақты ақшалай жүлделер  табысталды. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив