KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 5 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

ШҚО-да таулы аймақтарды әуеден бақылау жұмыстары жалғасуда (видео)

19.04.2024, 11:14 6 011 Нұржан Кенжеұлы

Шығыс Қазақстанда таулы аймақтарда жатқан қардың жылдам еруіне байланысты су тасқынының екінші толқыны басталды. Қазір облыстың солтүстік, солтүстік-шығыс және шығыс аудандары ерекше бақылауда.

Мамандар, әсіресе Риддер қаласы, Алтай, Самар, Марқакөл, Глубокое, Катонқарағай, Күршім мен Шемонаиха аудандарындағы жағдайға айрықша көңіл бөлуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облыста тұрақты түрде әуеден бақылау жұмыстары жүргізіліп келеді. Жақында өткен кезекті рейд барысында жұмыс тобы Алтай мен Катонқарағай аудандарындағы ахуалды барлап қайтты. Рейдке облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов, жергілікті Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ерғали Бахаев пен басқа да органдардың өкілдері қатысты.

Аэровизуалды бақылау барысында Катонқарағайдағы Сарымсақты тауының оңтүстік бөктерінің қардан таза екені анықталды.

Сондай-ақ, Алтайдағы Зубовка мен Малеевка елді мекендерінің маңындағы өзендердің жағалауын нығайту жұмыстарының барысы тексерілді.

Облыстық ТЖД бастығы Ерғали Бахаевтың айтуынша,  соңғы бірнеше аптада Алтай ауданындағы қардың қоры біршама азайған, сондықтан судан келер анау айтқандай қауіп жоқ. Дегенмен, гидробекет өзендердегі су деңгейін үнемі тексеріп отырады.

Белгілі болғандай, Алтай ауданында 11 мыңнан астам қап дайындалып, су тасқыны қаупі бар учаскелерге 40 тоннадай инертті материал әкелінген.

Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев су тасқыны жағдайы тәулік бойы бақылауда екенін атап өтті. Жұмыстарға барлық құзырлы орган мен еріктілер тартылған, қажетті техника жұмылдырылған.

Қазіргі уақытта өңірдегі гидротехникалық құрылыстар штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын айту керек. Мамандар хабарлағандай, бүгінде облыстың шашамен 44 пайызында әлі қар жатыр екен.

Жергілікті атқарушы билік органдары каналдарды, арықтарды және көпірлердің астын тазарту бойынша жоспарланған жұмыстарды толық көлемде жүргізген. Сонымен бірге, су арналарының жағалауын нығайту және түбін тереңдету, бөгет салу жұмыстары жалғасуда.

– Облыста жедел штаб жұмыс істейді, барлық қызметтің жұмысы үйлестіріледі. Жауапты қызметтер күшейтілген режимге көшірілген, – деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу