ШҚО әкімі: Ерте қамданғанның арқасында алғашқы толқынға төтеп бердік
Шығыс Қазақстан облысы су тасқыны кезеңінің бірінші толқынын ойдағыдай еңсерді. Қазір өңірдегі барлық құзырлы мекеме тасқынның екінші толқынына дайындықтарын пысықтауда.
Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен алқалы жиында аймақ басшысы Ермек Көшербаев мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл жиынға Астанадан арнайы келген жұмыс тобының мүшелері қатысты. Құрамында сегіз министрліктің өкілдері бар жұмыс тобының мақсаты – облысымыздағы су тасқынына қатысты жағдайды тексеру. Бүгінгі жиында бірқатар мекеме басшысының баяндамасын тыңдаған астаналық делегация ертең су басу қаупі сейілмеген бірқатар ауданды аралап, тасқынға тосқын боларлық жұмыстарды көріп қайтпақ.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов мәлім еткендей, таулы аймақтардағы қар жамылғысының еруіне байланысты су тасқыны кезеңінің екінші толқыны басталды.
Белгілі болғандай, облыстың төрт ауданындағы өзендердің 17 учаскесінде 376 миллион теңгеге профилактикалық мұз жару жұмыстары жүргізілген. Осының арқасында сеңнің жүруі қауіпсіз өтті. Өзендердің барлығы дер кезінде мұздан аршылып, тазартылды. Осы ретте, өзендердегі су шығыны 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2,5-3 есе жоғары болғанын айту керек.
Сонымен қатар ауа райының қолайсыздығына байланысты облыстың 11 өңірінде (Өскемен, Риддер қалалары, Алтай, Үлкен Нарын, Марқакөл, Самар, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Ұлан, Тарбағатай аудандары) су тасқыны оқиғалары тіркелген. Алайда жедел атқарылған алдын алу жұмыстарының арқасында апатқа жол берілмеді.
Оның айтуынша, облыста жедел штаб жұмыс істейді, барлық қызметтердің жұмысы үйлестірілген. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.