KZ
Өскемен
-4°
переменная облачность жел 2 м/с, ОШ
495.28 538.32 5.77

Нәубет: ата-бабалары туралы дерек іздегендер көп

30.05.2024, 14:40 209 Ержан Әбіш

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. 1997 жылдан бері атап өтілетін бұл күні ел тарихындағы ең азалы кезеңді еске алып, кеңестік тоталитаризмнің құрбаны болған миллиондаған адамның рухына тағзым етеміз.

Сталиндік қуғын-сүргіннің бастапқы жылдарында ғана Қазақстаннан 103 мың адам түрмеге тоғытылып, ауыр азап тартса, 25 мың адам ату жазасына кесілген екен. Бұл – мәлім болған деректердің бір парасы ғана.

Ал Шығыс Қазақстан облысының өзінде 1350 адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 300-і атылған. Нәубет кезеңінің 1928 жылы басталып, 1953 жылға дейін жалғасқанын ескерсек, қаншама жазықсыз жанның мемлекеттік тұрғыдағы зұлымдықтың құрбаны болғанын аңғарамыз.

Қазіргі кезде көптеген жерлестеріміз сол кездегі солақай саясаттан зардап шеккен, жазықсыз сотталып, ату жазасына ұшыраған ата-бабалары, туған-туыстары туралы мұрағаттық деректер жинап жүр.

Сондай жанның бірі – Семей өңірінің тумасы, қазір Ақтөбе қаласында тұратын Рустам Галиев. Ол 1937 жылы тұтқындалып, ату жазасына кесілген өзінің арғы атасы Ахмет-Зәкий Ахтямов туралы мағлұмат іздестіруде. 

19 ғасырдың аяғында Қазан бұлғарларының ұрпағы, ислам дінін уағыздап, халыққа таратушы оқымысты Ахмет-Зәкий Ахтямов Зайсанға келіп, мешіт және қыздар да, ұлдар да оқитын медреселер салғызады. Ол араб, орыс, татар, қазақ тілдерін жетік меңгерген, қажылық парызын өтеу үшін Меккеге екі мәрте барып келген жан еді. Өзі салдыртқан мешіттің тұңғыш имамы болды. Сондай-ақ кірпіш шығаратын зауытты да тұрғызған болатын. Амал қанша, 1921 жылы кеңес өкіметі дүние-мүлкін тәркілеп, ұрпақтарын тоздыртып жіберді.

Табылған архивтік құжаттарға сәйкес Ахмет-Зәкий Ахтямовты 1937 жылғы 23 қарашада НКВД қызметкерлері ұстап әкетеді. Төрт күннен кейін НКВД қаулысы негізінде қылмыстық жазаға тартылады. Ең өкініштісі сол, жетпістен асқан Ахмет-Зәкий Ресейдегі Воркута түрмесіне барар жолда азапқа шыдамай көз жұмады, сүйегі далада, қар астында қалыпты. Адамды қорлаудың бұдан асқан түрі бар ма?

Тек 1993 жылдың 4 сәуірінде саяси қуғын-сүргін құрбаны деп танылып, кейін толық ақталған.

Ахмет-Зәкийдің артында Якуб атты ұлы қалды. Бүгінде тоқсаннан асқан ол Ташкент қаласында тұрады. Якуб Ахтямов та «халық жауы» деген жаламен он екі жылын ГУЛАГ-та өткізген.

Бір естелігінде ол 1924 жылдың қаңтарында Троицк қаласының озат оқушылары қатарында Мәскеудің мәдени-тарихи орындарын аралауға барғанын, дәл сол кезде Ленин қайтыс болып, ол да халықпен бірге қоштасу рәсіміне қатысқанын жазған екен. Кейін ұзақ уақыт өнеркәсіп саласында инженер болып қызмет етіпті.

 

Альфия Бақбаева,

облыстық тарихи-өлкетану музейі

экспозициялық көрме бөлімінің меңгерушісі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу