KZ
Өскемен
снег жел 5 м/с, ОБ
530.12 546.08 5.17

«Қаралы жылдар қасіреті» Өскеменде ашық аспан астында көрме өтіп жатыр

30.05.2019, 11:17 380

Биыл Шығыс өңірінің жұртшылығы Қазақстанда 20 ғасырдың сонау 20-50 жылдары орын алған жаппай қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуды өзге өңірлерге қарағанда ерте бастап кетті. Дәл қазір Өскемендегі Республика алаңында «Қасіретті жылдар жаңғырығы» іс-шаралар кешенінің аясында «Қаралы жылдар қасіреті» тақырыбымен ашық аспан астында көрме өтіп жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Ең бастысы, бүгін 30 мамыр күні сағат оннан басталып кеткен көрме барлық өскемендіктер мен қала қонақтары үшін қолжетімді. Көрмеге қазақ халқының басына нәубет болған сол қасіретті қырғында басы оққа байланған Әлихан, Ахмет, Мыржақыптар бастаған Алаш арыстарының фотосуреттері, құжаттары, солардың түрмеде тартқан қасіреттері жайында жазылған кітаптар, мұражай жәдігерлері, тақырыптық стендтер, жинақтар қойылған. Қуғын-сүргін жылдарында жазықсыз атылған жерлестеріміздің тізімі келтірілген Аза кітабын да осынан табасыз.
Сталиндік режим кезінде елімізге, Шығыс өңіріне күштеп жер аударылған неміс, шешен, кәріс, поляктар мен олардың аянышты тағдырлары туралы нақты ресми деректер де осында топтастырылған. Бұл мұрағаттық құжаттарды орталық алаң маңынан өткен кез-келген адам тамашалай алады. Көрме ертең де таңғы сегізден бастап кешке дейін жалғасады.

Ұйымдастырушылар көрмені тамашалаушыларға арнап ашық аспан астында деректі фильм көрсетуді де қолға алыпты. Бүгінгі жас ұрпақ өткен ғасырдың зұлматты жылдарындағы оқиғалар барысын осы алаңдағы экраннан да көре алмақ.

Атап өтерлігі, бұл көрмені облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Оралхан Бөкей атындағы Өскемен қалалық орталықтандырылған кітапханасы және облыстық мұрағат бірге өткізіп жатыр. Екі күнге созылатын көрме барысында бастан-аяқ қаралы әуен ойналып, боздақтар рухына тағзым ету шаралары жалғасады. Кітапханашылар мен мұражай қызметкерлері қонақтарға көрмені жан-жақты таныстырып, келушілердің сауалдарына жауап беріп жатыр. Мәселен, кітапхананың өзі бұл көрмеге екі жүзге тарта тақырыптың мәнін ашатын кітаптарды әкелген.

Естеріңізде болса, 1997 жылы Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр – «Сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күні болып жарияланған болатын. Бұл күні жазықсыз сотталған, ату жазасына кесілген, лагерлер мен арнайы қоныстарға жер аударылған миллиондаған құрбандарды еске алып, бабалар рухына тағзым етеді, бүгінгі жас ұрпақ.

– Қазақстанда 100 мыңнан астам адам сотталды. 25 мың адам ең жоғарғы жаза – ату жазасына кесілді. Халық жауларымен күрес жоспарлы түрде жүргізілді және ол жоспар үнемі өзгеріске ұшырап, ұлғайтылып отырды. Тек 1937 жылдың барысында ғана Қазақстанда қуғын-сүргінге 7500 адам ұшырап, олардың 2500-і атылды. Біздің облыста 135 адам тұтқынға алынып, олардың 300-і ату жазасына кесілді, – дейді Өскемендегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейінің меңгерушісі Фарида Бегімханова.

 

Республика алаңындағы көрмені қала мектептерінің оқушылары да топ-тобымен үздіксіз келіп тамашалап, қасіретті жылдардың жазылмас жарасымен танысып жатыр.

– Бұл көрме маған ұнады, себебі мұндай мәліметтерді бұрын оқымаған, кездестірмеген едік. Аза кітабын қарап, жерлестеріміз жайлы сұрап білдік. Көрмені тамашалауға сыныбымыздан барлығы 21 бала келдік, – дейді Өскемендегі №15 мектептің 6 сынып оқушысы Лена Бондерева.

Көрмеде сталиндік режим кезінде елімізге, Шығыс өңіріне күштеп жер аударылған неміс, шешен, кәріс, поляктар мен олардың аянышты тағдырлары туралы нақты ресми деректер де топтастырылған. Бұл мұрағаттық құжаттарды орталық алаң маңынан өткен кез-келген адам тамашалай алады. Көрме ертең де таңғы сегізден бастап кешке дейін жалғасады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу