Өскеменде "Сабантой-2019" мейрамы өтті
Қала тұрғындары мен қонақтары сенбі күні этноауылға жиналды. Көпшіліктің басын қосқан – «Сабантой-2019» мейрамы. Ал, сіз Сабантой мейрамы жайлы не білесіз?
Сабантой – түркі халықтарына ортақ мейрам. ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап, Татарстан мемлекетінде тойланып келе жатқан шатыққа толы мерекенің тарихы тереңде жатыр.«Сабантой» – татар тілінен аударғанда «жер өңдеу тойы», «еңбек тойы» деген мағынаға ие. Нәпақасын еңбектен тапқан татар халқының Қазақстандағы үлес салмағы 1,2 пайызды құрайды. Сол себептен де, Сабантойды жыл сайын еліміздің әр өңірінде атап өту салтқа айналған. Көктемгі егіс науқаны аяқтала сала тойланатын мейрамның астарында егіннен жиын-терім мол болсын деген халықтың ізгі үміті мен ақ тілегі жатыр.
- Байқап қарасақ, бұлтты күннің өзі шуағын шашып тұрғандай. Өйткені, бүгін ерекше күн, бүгін мейрам. Осылай әр ұлттың мейрамын атапөту арқылы, біз өзіміздің татулығымызды, бірлігімізді көрсетеміз - дейді, облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Атаулы шарада «Ата Мұра», «Еркетай», «Арабеск», «Сабантой» және т.б шығармашылық топтар өз өнерлерін көрсетті. татар халқының биі биленіп, ана тілдерінде әндері шырқалды. Сондай-ақ, ақ жаулықты әжелерімізден құралған "Ак ниет"ансамблі де мерекенің көрігін келтірді.
Татар этномәдени бірлестігі қала әкімдігіне ризашылықтарын білдіріп, Әсем Нүсіповаға, ұлттық бас киімдері мен татар ақыны Ғабдолла Тоқай туралы «Путешествие в мир Тукая» кітабын сыйға тартты. Береке мен бірлікке бастайтын атаулы шараға шаһар тұрғындары, Ресей мемлекетінің Қазақстандағы вице-консулы, Татарстаннан келген қонақтар, соның ішінде Альбина Маглатова жұртшылыққа ән жолдап, қауымның ыстық ықыласына бөленді. Мейрамда Татарстан мемлекетінің президенті Рустам Миннихановтың құттықтау хаты оқылды.
- Біздің бүгінгі ұлттық мейрамымыз, Сабантойға келген барша қауымды шын жүректен құттықтаймын. Осындай берекелі мерекелерде үнемі бас қосайық, – дей келе, татар этномәдени бірлестігінің төрағасы Сабажан Баитов бірлік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандарына шексіз қуанышты екенін жеткізді.
Мейрамда концерттік бағдарламадан бөлек, мерекелік көңіл-күйді сездірген түрлі конкурстар мен спорттық ойындар: күрес, су толы шелекпен жаяу жүріс ойындары тұс-тұста өз жалғасын тапты. Ойынға кішкентай бүлдіршендер де қатысып, бауырлас екі мемлекеттің шат-шадыман күлкісі мерекелік көңіл-күйдісездірді. Осылайша, достық пен ынтымақтастықтың нышанына айналған мейрам бар сән-салтанымен аталып өтті.