KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Тарбағатайда кооператив құру ісі қарқын алды

Фото: Махаббат Ахметжанова

20.06.2024, 10:08 115 Ләззат Қанатқызы

Бүгінде өркениетті ел болып, даму жолын қаладан тапқанымызбен, қазақтың қазақ болып қалыптасуында, мемлекеттің дамуында ауылдың орны бөлек екеніне талас жоқ.

Шағын ғана ауылдың дамуының айқын көрсеткіші – ауыл шаруашылығы. Қазір елімізде бұл саланы дамыту жолдары қарастырылып, түрлі мүмкіндіктерге жол ашылуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Тарбағатай ауданында негізгі табыс көзі мал шаруашылығы мен балық шаруашылығы екені белгілі. Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы бейнетқор шаруа қауымына жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр.

– Нәтижесінде ауылшаруашылық кооперативтерінің мүмкіндіктері кеңейді. Алдағы уақытта Тарбағатай ауданының табиғи өнімдері бәсекеге қабілетті, жоғары сапада өндіріліп, отандық өнім ретінде тұтынушыларға ұсынылатын болады. Әрине, бұл жоспар бір-екі жылда жүзеге асырыла салатын оңай шаруа емес. Алдымен кооперативтер құру керек. Биылғы бірінші жартыжылдықта қосымша төрт ауылшаруашылық кооперативі құрылып, кооперативтер мен жеке тұлғалардың атынан қаржы алуға 100 өтініш берілген. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы төмендетілген 2,5% несие алу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күнде жалпы сомасы 332,0 млн теңгеге 48 жоба мақұлданып, 154,0 млн теңгенің 13 жобасы несиелендіру бағдарламасы бойынша қаржыландырылды, – дейді аудан әкімі.

Аудандағы тозығы жеткен «Қандысу» су қоймасының жағдайы көпке мәлім. Егістік алқабында суды үнемді пайдаланудың маңызы зор. Осыны ескерген тарбағатайлықтар су үнемдеу технологиясының тиімділігін көру үшін жаңбырлатып суару құрылғыларын орнатып жатыр.

– Қазір Жетіарал ауылында құдық қазу жұмыстары басталып кеткен, сол арқылы 400 гектар жерді жаңбырлатып суаруды көздеп отырмыз. Оның жанындағы 150 гектар жерге тамшылатып суару технологиясын қолдану жоспарда бар. Біздің кәсіпкерлер Семей қаласындағы осы технологияны қолданатын шаруа қожалықтарымен тәжірибе алмасып қайтты. Көршілес Зайсан ауданының кәсіпкерлері тамшылатып суарудың құрал-жабдықтарын жасауды қолға алып жатыр. Ол да бізге оң әсерін тигізеді. Яғни, сол шағын цехпен бірігіп жұмыс жүргіземіз, – деді Дархан Шомпайұлы. 

Биыл «Қызылбұлақ» кооперативі жоңышқа және бидай екпек. Олар гектарынан 20 центнер өнім алуды көздеп отыр. Ол үшін жаңбырлатып суару әдісін пайдаланбақ, сөйтіп мол өнім алмақ.

Ауыл шаруашылығын дамыту – мемлекетті дамыту, елдің келешегін ойлау. Түйіндей келе айтарымыз, қазақ ауылға кіндігінен байланған. Ауылдағы қай саланың болмасын дамуы халықтың жағдайын жақсартып, еңсесін тіктей түсері сөзсіз. Тарихы терең, тамырлы өлке Тарбағатайды ары қарай түлете түсу үшін кешенді шаралар әлі де атқарыла береді.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу