Марқакөлдің демографиялық жағдайы түзеліп келеді
Шалғайдағы ауылдарда адам саны да, маман саны да азайып кеткен. Бұл мәселені реттеу мақсатында бірнеше жылдан бері көші-қон бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Осы жылы қайта құрылған Марқакөл ауданы бағдарламаны іске асыруда белсенділік танытып, ауылдарын адаммен де, маманмен де толтырып жатыр.
Соның бір дәлелі оңтүстік өңірлерден бірнеше отбасы түбегейлі көшіп келіп, Ақбұлақ ауылына қоныстанды. Олардың арасында жоғары білімді бірнеше маман иесі бар, деп хабарлайды Altainews.kz сайты.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, елі ішіндегі ауылдардан жыл сайын 50-80 мыңға дейін адам көшеді екен. Осының салдарынан өңірлерде маман тапшылығы сезіліп, шекаралық ауылдарда адам саны азайып кеткен. Сондықтан да ішкі миграцияны реттеу мақсатында көші-қон бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.
Көші-қон бағдарламасының мақсаты – өңірлерді қажетті мамандармен қамтамасыз ету, аймақтың демографиялық жағдайын көтеру. Осы мақсатта мамыр айында еліміздің оңтүстік өңірінен отызға жуық тұрғын келіп Марқакөл ауданының тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан болатын. Осы тұрғындардың арасынан бес отбасы бұл жолы Ақбұлақ ауылына түбегейлі көшіп келген.
Бағдарлама аясында Түркістан облысынан көшіп келген 5 балалы отбасы Ақбұлақ ауылына қоныстанды. Енді отбасы мүшелерінің бірі мамандығы бойынша мектепке жұмысқа орналаспақ.
Марқакөлдіктер ауданға көшіп келген отбасыларды ерекше қуанышпен құшақ жая қарсы алып, әрдайым қолдау көрсететіндерін айтты.
Жалпы бұл ауданда бүгінгі таңда маман тапшылығы бар. Жергілікті басшылардың айтуынша, мұғалім және дәрігер мамандар жетіспейді. Бұл мәселе көші-қон бағдарламасы арқылы шешімін тауып, ауыл тұрғындары да қуанышқа бөленген.
Ауылда отбасы саны артса, бала саны да көбейе түспек. Ал бала саны артса мектептің жағдайы түзеле түспек. Алайда мектепте маман тапшылығы бар екені тағы бар. Бірақ бұл мәселені берекелі ауылдың тұрғындары мен ауылдың жанашыр азаматтары шешіп отыр.
Айта кетейік, өңірлерден қоныс аудару бағдарламасы бюджеттен қаржыландырылады. Оған берілетін бір реттік субсидия биыл 70 айлық есептік көрсеткішке тең, яғни 258 440 теңге. Бұл отбасындағы әрбір адамға берілетін төлем. Ал экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50 пайызын өтейді.
Фото: Нелли Петенева