KZ
Өскемен
небольшая облачность жел 2 м/с, Ю
480.63 535.13 5.27

Өз бақытын тапқандар...

22.08.2024, 15:13 79 Ержан Әбіш

Бозанбай ауылындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұратындардың басым бөлігі – тағдырдың тауқіметін тартқан жандар. Көбі нәресте шағында-ақ балалар үйіне тасталған, енді біреулерінен жақындары бас тартқан, ал тағы басқалары өмірлік соққылардың кесірінен ақыл-есінен айырылған. Бірақ бұл мекемеде де қуаныш пен қайғы, бақ пенен сор араласқан өмір жалғасуда. Ал кейде мұнда нағыз таңғажайып оқиғалар болып тұрады, науқастар өз еркілерімен отау құрып, жаңа өмірге қадам басып жатады.

 Бұл бір бөлек әлем

 Ұлан ауданындағы Бозанбай арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 2013 жылдың 1 қазанында құрылған болатын. Алғашында мұнда 80 адам тұрған. Бірақ көп ұзамай орталық кеңейтілді, бүгінде 151 адам күн кешіп жатыр. Олар ­– әртүрлі себептермен осында келген 18 бен 90 жас аралығындағы азаматтар. Жетімдіктің барлық сатысынан өткендер, яғни Балалар үйі мен Жасөспірімдер үйін паналап, 18 жастан кейін орталыққа алынғандар бар. Түрлі дерттің салдарынан бір сәтте-ақ ойлау қабілетін жоғалтқандар және үй іші қарай алмайтындар, үнемі бақылау мен күтімді қажет ететіндер де жетерлік.

–­ Көмек алушылардың әрқайсысының диагнозы әртүрлі. Кейбіреулерінің ақыл-ойы бала шағынан кем, олар тіпті бастауыш білім де алмаған. Алайда сәулетші, редактор немесе дәрігер сынды жоғары білімді адамдар да бар, тек энцефалопатия кесірінен миларының қызметі бұзылған, – дейді Бозанбай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары, психиатр Гаухарья Лутфуллина.

Мұндағылардың ешқайсысы қол қусырып отырмайды. Әркім өзіне ұнайтын шаруамен айналысады. Мысалы, көптеген адамдар кітап оқығанды жақсы көреді, орталықтың кітапхана қоры бай әрі ұдайы жаңа әдебиеттермен толығып тұрады. Сонымен қатар кейбіреулері аудандық кітапханаға оқырман ретінде тіркелген, яғни сондағы кітаптарды оқи алады.

Салауатты өмір салтын, дене шынықтыру мен спортты сүйетіндер тобы да бар. Дене шынықтыру нұсқаушысының жетекшілігімен олар күн сайын тренажер залында немесе орталық ауласындағы ашық алаңда жаттығулар жасайды, белсенді ойындар ойнайды, бір-бірімен сайысады.

Сондай-ақ орталықтағы адамдардың шығармашылықпен айналысу мүмкіндігі бар. Орталықта тоқыма және іс тігу үйірмелері, сондай-ақ вокалдық және хореографиялық үйірмелер жұмыс істейді. Сондықтан әр мерекеге орай мұндағы көркемөнерпаздар мен қолөнершілер концерттер мен көрмелер ұйымдастырады. Сұхбаттасушымыз орталықтың өз «жұлдыздары» да бар екенін атап өтті. Соның бірі – әдемі әрі күшті дауыс тембріне ие Наталья Лавринович.

Ал жермен жұмыс істегенді ұнататындар үшін аулаға үлкен бау-бақша салынған, орталық тұрғындары сол жерде жаз бойы қуана еңбек етіп, қияр, қызанақ, картоп, кәді, өзге де көкөністерді өсіреді.

 Махаббат емдейді

 Гаухарья Лутфуллинаның айтуынша, өз бетінше өмір сүруге, жұмыс істеуге, тағдырын өз қолымен құруға, яғни әлеуметтеніп, қоғамның толыққанды мүшесі болуға қабілетті қамқоршыларды қамақта, үлкен әлемнен жырақта ұстауға болмайды. Орталықтың ұстанымы осындай.

– Өкінішке қарай, әзірге еліміздің заңдарында мұндай жағдайларды реттеу қарастырылмаған. Бірақ қолданыстағы нормативтік-құқықтық базада әрекет ете отырып-ақ, кейбір адамдардың тағдырын өзгертуге болады, оларға жабық мекемеден тыс жаңа өмір бастауға мүмкіндік беруге болады, – дейді Гаухарья Лутфуллина.

Осы ретте Евгений Куимов пен Гүлмира Хамраеваны мысалға келтіруге болады. Бұл жастар – ата-ананың жылуы мен махаббатын ешқашан сезінбеген, жанұялық өмірді көрмей өскен тұл жетімдер. Орталық мамандары оларды біртіндеп өздерінің жабық әлемдерінен шығаруға тырысты. Осыдан он жыл бұрын олар бір-біріне мұқтаж екендерін, бір-бірін ұнататындарын түсінді. Сол сезім ортақ өмірлерінің бастауы болды.

 

– Біз екі жастың арасында тұтанған махаббат сезімінің, өзара сыйластықтың олардың дамуына да оң әсер ететінін аңғардық. Олар бір-бірін қолдап, көп оқыды, жазуды, санауды үйренді, қарапайым мәселелерді шеше бастады. Біздің команда эксперимент ретінде осы жастарға орталық қабырғасынан тыс дербес өмір бастауға мүмкіндік беруді ұсынды, ­– деп еске алады Гаухарья Лутфуллина.

 Евгений Куимов пен Гүлмира Хамраева Облыстық психикалық денсаулық орталығына тексеруге жатқызылды. Нәтижелер дәрігерлерді қуантып тастады. Евгений дені сау деп танылып, орталықтан шығуына рұқсат етілді. Тек Психикалық денсаулық орталығында арагідік бақылаудан өтіп тұруға тиіс. Гүлмираға келер болсақ, ол математикалық есептерді бірден шығара алмады, бірақ қалған тапсырмаларда тәп-тәуір нәтиже көрсетті.

– Біз қос ғашықты ажыратқымыз келмеді, сондықтан Гүлмираның жеке қамқоршысы болуға өзімді ұсындым, онымен арнайы бағдарлама аясында үнемі жұмыс істеп жүрдім. Бір жылдан кейін-ақ ол барлық тапсырмаларды өте жақсы орындап, орталықтан шығуға рұқсат алды, тек диспансерлік есепте қалып отыр, – дейді Гаухарья Лутфуллина.

 Келеді әне екі жас топты жарып...

 Барлық кедергілер еңсерілген соң Бозанбай орталығында жас жұбайлар үшін қазақи әдет-ғұрыпқа сай үйлену тойы ұйымдастырылды. Бұл жастардың тілегі болатын.

Орталық директоры орынбасарының айтуынша, үйлену тойы алдында біраз шаруа атқарылды. Евгений мен Гүлмираның шоттарында жиналған қаржыға орталық қызметкерлері пәтер сатып алды, өз күштерімен сол үйдің ішін жөндеп, тіпті жаңа жылыту жүйесін де орнатты. Жиһаз, үйге қажетті заттар алынды, жас жұбайлардың қаражаты толық жетпеген соң орталық мамандары ақша жинап, қалған керек-жарақтарды өздері сатып әперді.

Салтанатты неке қию рәсімінен кейін жас жұбайлар бастаған кортеж Бозанбайдағы көрікті жерлерді аралап шықты. Той ерекше көңілді өтті.

Жастардың тату-тәтті тұрып жатқанына алты жылдан асты. Евгений орталыққа аула сыпырушы, ал Гүлмира кір жуу операторы болып қабылданған. Яғни, олардың қазір өз жұмыстары да бар.

Бүгінде оларға бақылау қажет емес. Отбасылық өмір оларды адамдармен еркін араласуға, дүкенге барып, сауда жасауға үйретті. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік эксперимент сәтті аяқталды.

 Қамалы да, қазынасы да – жанұясы

 Евгений мен Гүлмираның тағдыр жолы орталықтағы көптеген жандарға үміт сыйлады. Наталья Лавриновичке үйлену туралы ұсыныс айтылған кезде де бәрі сәтімен боларына ешкім күмәнданбаған еді.

– Натальяға Бозанбай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ары қарай қалу міндетті емес еді. Бүгінгі таңда ақыл-ойдың аздаған кемістігі ауру деп саналмайды, денедегі бұл кінәрат адамды жұмыс істеу және қоғамда болу мүмкіндігінен айырмайды, басқалардың өміріне ешқандай қауіп төндірмейді, – дейді Гаухарья Лутфуллина.

Наталья барлық сынақтар мен тексерулерден сүрінбей өтті, стационарлық ем алуы тоқтап, диспансерлік есепке алынды. Сондықтан тұрмыс құруына ештеңе кедергі болған жоқ. Сонымен қатар ол тексеруден өтіп жүргенде орталық директорының орынбасары Евгений мен Гүлмираға пәтер тауып, сатып алған-ды.

– Біз Гүлмираға пәтерде тұру онша ұнамайтынын байқадық. Ол жермен жұмыс істеп, бау-бақша өсіргісі келді. Біз ерлі-зайыптыларға өз телімі бар жер үй сатып алуды, ал пәтерлерін Натальяға сатуды ұсындық. Олар бірден келісті. Евгений мен Гүлмираға жеке жер учаскесі бар үш бөлмелі үй табылды. Біз ол үйді де бірлесе отырып жөндеп бердік, ал пәтерді Наталья Лавриновичтің атына жаздырдық, – дейді Гаухарья Лутфуллин.

Айта кету керек, Натальяға пәтер сақтық үшін сатылып алынған болатын. Жабық мекемеден шыққан келінді болашақ қайын енесі мен күйеу жігіттің апасы қабылдай ма, жоқ па деген күмән болған еді. Бірақ ешқандай мәселе туындаған емес. Керісінше, туғаннан тұл жетім Наталья алғаш рет нағыз тату отбасына тап болып, бірден сүйіспеншілікке бөленді. Алайда көп ұзамай жолдасының анасы мен әжесі бірінен соң бірі көз жұмды, жастар өздерімен-өздері өмір сүре бастады. Ал екі ай бұрын жарық дүниеге олардың тәп-тәтті қыздары келді, кішкене сәбиді екеуі де өліп-өшіп жақсы көреді.

 

  

Гаухарья Лутфуллинаның айтуынша, тұрмыс құрғаннан кейін Наталья әдемі киімдер тігуді, дәмді етіп тамақ пісіруді үйренген. Ол – бақытты әйел, сүйікті жар және аяулы ана.

 Әлеуметтендірудің әртүрлі әдісі бар

 Евгений, Гүлмира, Наталья сынды жандардың тағдыры мемлекет тарапынан психикалық науқастарды оңалтуға жіті назар аударылуы керектігін көрсетеді. Әсіресе ауруы жеңіл, ал мінез-құлқы басқаларға қатер төндірмейтін адамдарда келешек жоқ деуге келмейді.

– Қазіргі уақытта қызмет алушыларды интернаттардан шығарудың түрлі мүмкіндіктері бар. Біз оларды оңалту үшін, әлеуметтендіру үшін тың амал-тәсілдерді іздестіріп келеміз. Өйткені мұндай пациенттер қоғамға бейімделіп, жабық мекемеден тыс, өз беттерінше өмір сүруі керек, – дейді Бозанбай арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының қызметкерлері.

Әлеуметтік қызмет мамандарының пікірінше, орталықта тұрақты және ерекше күтімді қажет ететін ауыр науқастар ем алуға тиіс.

 Екатерина Гуляева

 

 

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив