KZ
Өскемен
+1°
ясно жел 0,6 м/с, СШ
480.63 535.13 5.27

Карикатура – қалам ұшынан туған қару

23.08.2024, 17:12 281 Қызырбек Дүргінбайұлы

Қаламын қару еткен карикатураның хас шебері, бірнеше халықаралық байқаудың лауреаты, жерлес суретші Айдарбек Ғазизовтың есімі елге кеңінен таныс. Ол – Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты. Республикаға ғана танымал емес, тіпті әлем карикатурашыларының арасынан өз орнын ойып тұрып алған тұлға. Оның қаламынан туған таңдаулы үш еңбегі Болгарияның әлемге әйгілі Габров қаласындағы әзіл-оспақ және сатира мұражайы қорында сақтаулы тұр. Сонымен қатар оның суреттері Бакуде жарық көрген әлемнің танымал карикатурашыларының каталогына енген. Суретті сөйлете білген суршетшімен болған сұхбатты оқырман қауымға ұсынып отырмыз.

 https://egemen.kz/article_photo/1524115073_article_b.jpeg 

– Суретшілік сіздің бойыңызда жүре келе қалыптасқан өнер ме, әлде, болмысыңызда бар қасиет пе еді?

– Бойда бар қабілетті дамытпасаң өнер иесі атана алмайсың. Мен бала күнімнен сурет салуға әуес болдым. Бұл өнер маған атамнан дарыса керек. Атамыз керемет ұста кісі болатын. Ұяда не көрсек, ұшқанда соны ілуге талпынып өстік. Осылай суретші боламын деген арманның артынан әлі жүріп келемін. Менің осы қалам ұшындағы ғұмырым үлкен арманымның жемісі мен жетістігі деуге болады.

– Өнерде мойындау да, мойындату да қиын дейді ғой...

– Иә, сен өнерді сүйе білсең, оны меңгере білсең талантты мойындай да білесің. Ал өнеріңмен өзгені мойындату оңай болмайды. Менің шығармашылық жолым да дәл солай. Әуелгіде жоқ дегенде бір туындымның газет бетіне шыққаны арман еді. Мен орта сыныпта оқып жүргенде суретімді басылым бетіне шығара алмадым. Бірде-бір суретім шықпады. Қатарластарымының суреттері шығып жатты. Кейін жоғары сыныпқа барғанда үйдегі інімнің атынан бір суретімді жіберіп едім, лезде жарық көріпті. Інімнің жолы сондай жеңіл еді. Оған хаттар келіп, тағы да суреттерін жіберуін редакциялар сұрап жатты. Мен тоқтамай жібере бердім. Өйткені маған бір суретімнің болса да көрерменге танылуы арман еді. Ауыл адамдары суреттің менікі екенін біліп жүрді. Жалпы мұндай жағдай ұлы өнер иелерінің өмір жолында көп болған. Кейін бұл суретімнің авторлығын 45 жылдан кейін 60 жасымда қайтарып алдым.

– Түрлі байқауларға қандай мақсатпен қатысасыз?

– Адамда әртүрлі мақсат болады, менің де алға қойған мақсаттарым бар. Туындымды төрткүл әлемге танытсам деген арманның жетегінде келемін. Бұл бүкіл өнер иесінің арманы. Мен де сол арманның жетегімен байқауларға қатысып, барынша өзімді танытып, қазақ елінің атын шығарып келемін. Бүгінгі таңда көптеген туындым әлем жұртының төрінде, интернет әлемінде жүр. Байқауларға жүлде үшін емес, туындымды жалпақ жұртқа тарату үшін қатысамын. Ол мақсатқа жетіп те келемін.

– Алты құрлыққа танылсам деген арманыңыз алыстағы ауылдан бастау алды ғой?

– Иә, мен Күршім ауданының Теректібұлақ ауылында туып, өстім. Атам да, әжем де шебер адамдар болды. Әжемнің шеберлігі сондай оюды сызбай-ақ бірден көз мөлшермен оя береді екен. Осындай дүниелерді көріп өстік. Мысалы, атам маған шеге берсе, мен оны тақтайға қаға беретін болыппын. Соған қарап-ақ атам маған үлкен үміт артты. Осындай тәрбиенің арқасында мектепте бірден суретші бала атандым. Бесінші сыныптан бастап мектептегі қабырға газетін шығарыса бастадым. Мектепте «Найза», «Кірпі» деген қабырға газеттері болатын. Осылай өнердің өзегін жағалап, арманның артынан алысқа аттандым.

– Өнеріңіздің дамуына ұстаздарыңыздың қосқан үлесі қандай болды?

– Байдағұлов Көкен деген сурет пəнінің мұғалімі болды. Бір жыл сабақ беріп, көрші ауылға көшіп кетті. Ол кезде көп дегенде он сегіз түсті бояу қарындаш болатын, оның өзін табу қиын еді. Көбіне қолжетімді қарындаштар он екі түсті болатын. Сол ұстазымыздың жиырма төрт түрлі бояу қарындашы бар еді. Тіпті, ол кісіде ақ қарындашқа дейін бар. Ол кезде ақ қарындаш неге керек екенін түсінбеймін. Сол ұстазым мені суретке баулып, жиырма төрт түсті қарындашын сеніп тапсыратын. Суреттің алғашқы əліппесін үйреткен сол ұстазым еді. Одан кейін қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін, сынып жетекшім болған Уәш Ақаева дейтін апай мені үнемі көтермелеп отыратын. Бірде Уәш апай «Қазақстанның белгілі суретшілері» тақырыбында ашық сабақ өткізетін болды. Сыныптағы оқушылардың бәріне Қазақстанның белгілі суретшілері туралы тақырыптар бөліп берді. Ал маған «Айдарбек, бұл ашық сабақта сен өзің туралы әңгімелеп бересің» деді. Білесіз бе, мен керемет толқыдым. Бұл қалай? Ұстазымның менің болашағыма шексіз сенгендігі ме? Ашық сабақта өзімнің алдыма қойған арманым жайлы тебірене отырып айтып шықтым. Міне, осылай ұстаздарым суретші болуыма дем беріп, сенім артты. Мен сол сенімді ақтауға тырысып келемін.

Үйді емес үлкен арманымды таңдадым

– Естуімізше жоғары білімге де кештеу қол жеткізіпсіз?

 – Мектепті аяқтаған соң маған Семейдің педагогикалық институтының көркемсурет, графика факультетіне жолдама берілді. Баруға мүмкіндік болмады. Осылайша оқуға деген арманды жүректе сақтап, ауылда қалып, кірпіш зауытына жұмысқа кірдім. Ол жерде де қаламымды қолдан тастаған жоқпын, суретімді салып жеке көрмемді де өткізіп жүрдім. Сөйтіп «Теректібұлақта бір су-ретші бала бар екен» деген хабар құлақтан-құлаққа тиіп, совхоз орталығына де жетіпті. Бір жыл сонда жұмыс істеп, кейін жеті жыл Өскемен қаласындағы қорғасын-мырыш комбинатында еңбек еттім. Сонда да суретші болу туралы тәтті арманымды ұмытқан емеспін. Ақыры орда бұзар отызға келгенімде Алматыдағы көркемсурет училищесіне оқуға түстім. Сөйтіп Өскеменге келгенімде бұған дейін қолым жетпеген пәтер кілті алдымда дайын тұр екен. Бірақ, мен үйді емес үлкен арманымды таңдап Алматыға аттандым.

– Алғашқы суреттеріңіз қазіргі облыстық «Дидар» газетінде жарық көрген бе?

– Иә, өнердегі тұсауымды осы «Дидар» газеті кесті. Ол кезде газеттің аты «Коммунизм туы» болатын. Бір күні Глубокое ауданында тұратын әпкеме барсам, облыстық газеттен менің суретімді көргенін айтты. Жүрегім алып-ұшып, қуанып, газетті әпкеме тапқызып алдым. Шынында да газетке «Айлы түн» атты суретім шығыпты. Бұл мен үшін өте үлкен қуаныш болды. Артынан «Қысқы көрініс» атты суретім жарияланды. Осылайша облыстық газетке суреттерім жиі шығатын болды.  

– Карикатураның қазіргі қалі қалай?

– Бұл сұраққа жауапты бәлен деп кесіп айтудан аулақпын. Өнер қай уақытта да өз деңгейінде дами береді. Кез келген өнердің өз оқырманы, көрермені, қолдаушылары болады. Карикатура былай қарағанда оңай көрінгенімен, кез келген суретшінің ыңғайына көне қоймайтын жанр. Жалпы, карикатура – әшкерелеуші жанр. Біз бәрін әзілмен, мысқылмен астарлап жеткіземіз. Сондықтан да карикатурамен айналысатын адам асқан сезімтал болуға тиіс. Гогольдің «Адамның мұрнының қисықтығын сынама, жан-дүниесінің қисықтығын сына» деген сөзі бар ғой. Карикатура – әсіресе қоғамдағы әділетсіздіктерді мінеуде таптырмайтын құрал. Карикатура қалам ұшынан туған қару деуге болады. Сондықтан да бұл өнерді түсіне бермейтіндер мен түсінгісі келмейтіндер де бар шығар. Біздің елде кереметтей болмаса да, әлемде әлі өзінің биігінен құламай келеді деуге болады.

– Сіз саяси карикатурамен де біраз айналыстыңыз ғой...

– Кезінде біраз уақыт айналыстым. Министрлерді де, әкімдер мен депутаттарды да сынап, мінеп сурет салдық. Бұл салада біраз жетістікке де жеттім. Солардың бірін айтсам, Босния Герцеговинада шығатын «Носорог» халықаралық әзіл-сықақ және карикатура журналы ұйымдастырған «Саясат және саясаткер» тақырыбындағы бәйгеде жүлделі ондыққа кірдім. Бірақ қазір философиялық карикатураға ден қойып жүрмін. Адам жасы ұлғайған сайын пәлсапаға бет бұрады екен ғой. Көп ойланады, толғанады дегендей ғой.

– Суреттеріңізді сатасыз ба, әлде тегін пайдалана беруге рұқсат бересіз бе?

– Мен Шотландияның тәуелсіздігіне орай өткен бір байқауға қатыстым. Байқау шарты бойынша сурет жіберген едім, артынан маған суретті алғаны туралы хат келді. Алайда, суретімнің басқа мазмұнда екенін жазыпты, сөйтсем мен басқа суретті ауыстырып жіберіп қойыппын. Содан артынша арнайы салған суретімді жібердім. Олар нағыз іздеген туындысын тапқандарын айтып хат жазды. Сол суретім байқауда жүлделі болып, Шотландия еліне кеңінен тарады. Шотландия елінің картасы көбелекке ұқсайды екен, соған қарап отырып еркіндік аңсап ұшқан көбелектердің бейнесін салып шықтым. Ұйымдастырушылар бұл суреттің көпшілікке ерекше ұнағанын айтып, маған суретімді тегін таратуға немесе сатуға рұқсат беруін сұрап хат жазыпты. Мен сатқаннан гөрі тегін таратылса көп адамның қолына тиетінін ескеріп, таратуға рұқсат бердім. Бүгінгі таңда көптеген шотландиялықтың төрінде еркіндіктің, тәуелсіздіктің символы ретінде ілулі тұр. Бұдан өзге де суреттерім интернет әлемінде кеңінен тарап жүр. Оны басқа мемлекеттердің мүмкіндігінше пайдаланып жатқандары бар. Ең бастысы Қазақстанның атын шығарсам болды, өнерім арқылы пайда тапқым келген емес.

– Өнеріңіздің өрісі кең болсын! Сүбелі сұхбатыңыз үшін рахмет!

 

Сұхбаттасқан – Қызырбек Дүргінбайұлы

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив