Өскеменде клиникалық-диагностикалық бөлімше ашылды
Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығы жанынан клиникалық-диагностикалық бөлімше ашылды. Осы жаңашылдықтың арқасында қала тұрғындары бейінді мамандардың қабылдауына тезірек қабылданып, қажетті анализдерін тапсырып, тексерулерден өте алады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығының (бұрынғы №1 қалалық аурухана) ұжымында пациенттер сөзсіз сенетін көптеген білікті мамандар жұмыс істейді. Олардың есебінде мыңдаған құтқарылған өмір және ауру адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту фактілері бар.
"Біздің медициналық орталық әкімшілігінің бұл маңызды жаңалығы уақыт талабына сай жүзеге асып отыр. Енді тұрғындар бейінді мамандарға кезекті ұзақ күтпей, сондай-ақ жоғары білікті мамандардың көмегіне жүгіне алады. Бөлімшеде дәрігерлердің пациенттерді динамикалық бақылауы үшін қажет нәрсенің бәрін қарастырдық. Барлық консультациялардан, тексерулерден және талдаулардан жедел түрде бір жерде өтуге болады, егер көрсетілім болса, шұғыл түрде ауруханаға жатқызылады. Сондай-ақ, пациенттер жоспарланған операция мен ауруханаға жатқызу алдында операция жасайтын дәрігермен кеңесе алады және кейін де сол маманның бақылауында болады", – деді ҚДБ меңгерушісі Қуаныш Жүнісов.
Клиникалық-диагностикалық бөлімшеде уролог, нейрохирур, хирург, оның ішінде жақ-сүйек хирургі, гинеколог, гастроэнтеролог, эндокринолог, инфекционист, терапевт, кардиолог сияқты мамандар қабылдайды.
Сонымен қатар ультрадыбыстық, ФГДС, ЭКГ зерттеулерін өтуге болады. Пациенттерді қабылдау МӘМС шеңберінде де, ақылы түрде де жүргізіледі. Бөлімше күн сайын сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін қабылдайды.
"Біз медициналық орталық сияқты үлкен клиника жанынан клиникалық-диагностикалық бөлімшені ашу идеясын бұрыннан көтеріп келеміз. Бұл біздің пациенттерге жедел диагностикадан өтіп, өз саласының жалғыз маманы болып табылатын дәрігерлерден кеңес алуда үлкен көмек болары сөзсіз. Біз бөлімшені заманауи компьютерлік техникамен жабдықтауға көмектескен демеушілерге алғысымызды білдіреміз, бұл қабылдау процесін айтарлықтай оңтайландыруға көмектеседі. Біз жұмыс істей бастаймыз, қалғанын уақытты көрсетеді", - деп атап өтті Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың бас дәрігері Шолпан Мақашева.
Айна Ескенқызы