Өскемен қаласында Күршім ауданының мәдени күндері басталды. Шара «Туған жер – алтын бесігім» жобасының аясында ұйымдастырылған.
Мәдени күндер аясында "Ертіс концертте” ауданның өнерпаздары қатысқан гала-концерт өтті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
–Бүгін Күршім ауданының өнерпаздарының концерті өтіп жатыр. Жақсылап дайындалдық. Мұның бәрі сыртта жүрген Күршімнің, Марқакөлдің тумалары марқайып, туған елін еске алуы үшін ұйымдастырылды. Сонымен қатар ауылдың дәмін, етін, майын алып келдік. Ертең оның бәрі жәрмеңкеде сатылады. Одан өзге қолөнер бұйымдары, суреттер алып келдік. Менің ойымша, осындай шаралар қажет. Әр азамат өзінің шыққан жерін, туған ауылын, “алтын бесігін” ұмытпауы керек. Және бұл жалғасын тапса деген ой бар, — дейді Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышов.
“Шығыстың Шәмшісі” атанған Оралхан Көшеровтың «Достарыма» деген атақты әні бар. Соны елге танытып жүрген Жанар Айжанованы күршімдіктер осы концертке шақырған екен.
Концерт аясында қолөнер бұйымдарының, майлы бояумен салынған, түрлі материалдан өрнектеп салынған суреттердің, Күршім мен Марқакөл өңірінің табиғаты таспаланған фотосуреттердің көрмесі өтті. Сонымен қатар, ауданнан шыққан, елге еңбегі сіңген тұлғалардың бейнесін де қаз-қатар тізіп қойыпты.
– Көрме барысында жергілікті суретшілердің туындыларын көрсетуге тырыстық. Сонымен бірге ауданнан шыққан қолөнер шеберлері де келді. Олардың бұйымдарының арасында қайыстан жасалған заттар, текемет, кілемшелер бар. Күршім, Марқа өңірінің сұлу табиғаты көрініс тапқан көрме әкелдік. Ол фотосуреттерді өзіміздің мәдениет бөлімінің мамандары түсірген. Концерт барысында Күршімде туған авторлардың шығармалары орындалады. Атап айтсақ, Оралхан Көшеров, Хасен Зәкәрия, Серікхан Ахметов, Шәкерхан Тойбаев сынды тұлғалардың туындылары шырқалады. Оның басты себебі — туған жерге деген сүйіспеншілікті, патриотизмді арттыру. Концерт барысында оркестр мен жеке дауыста айтылатын әндер орындалады. Бүгінгі концертті ұйымдастырғанда ауылымыздан көшіп кеткен адамдарды шақырдық, — дейді ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сымбат Дүйсенгазин.
Күршім ауданының күндері екі күнге жалғасады. Ертең “Fresh market” алаңында жәрмеңке өтеді.