Туризмді дамытудағы жаңа жоба – «Жібек Жолы» кэмпингі Зайсанда салынуда (видео)
Туризм саласын қарқынды дамытуға қауқары мол Зайсан ауданының «Омбы – Майқапшағай» автожолы бойында «Жібек Жолы» кэмпингі салынып жатыр. Жоба Айнабұлақ ауылында орналасқан және өңірге келетін саяхатшылар мен жүргізушілерге қолайлы демалыс орнын ұсынуды көздейді. Ауданға іс-сапармен барған Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов құрылыс барысымен танысып, туристерді тартуда мұндай жобалар таптырмас нысан екенін алға тартты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2024 жылы басталған кэмпинг құрылысын келесі 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Жобаның инвесторы – «Пушпаков» жеке кәсіпкерлігі, барлық шығындар өз қаражаттары есебінен жүзеге асырылуда. Бұл кэмпингте жол бойындағы дәмхана, банкет залы бар қонақ үй, санитарлық-гигиеналық блок, жүк көліктеріне арналған автосервис сынды қызметтер қарастырылған.
Шығыс Қазақстан облысы өзінің ерекше табиғатымен және тарихи мұраларымен танымал, бұл аймақтың туризм саласында үлкен әлеуеті бар екенін көрсетеді. Аймақтағы таулар, өзендер мен көлдер, сондай-ақ ұлттық саябақтар көптеген туристерді қызықтыра алады.
«Жібек Жолы» кэмпингі сынды нысандардың ашылуы аймақтағы туристік қызмет сапасын жақсартуға және саяхатшылардың сұранысын өтеуге бағытталған. Бұл бастама, әсіресе, халықаралық автожол бойында орналасқандықтан, Қазақстанға көршілес елдерден келетін туристерге де жайлы жағдай тудырмақ. Туризмді қолдау және дамыту арқылы Шығыс Қазақстанның экономикасы нығайып, жергілікті халық үшін жаңа жұмыс орындары құрылмақ.
Төлеуғазы Жансая