Шығыс Қазақстан облысының автомобиль жолдары қысқы кезеңге толық дайын
Шығыс Қазақстан облысында қысқы кезеңге автомобиль жолдарын дайындау жұмыстары аяқталды. Бұл туралы ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Тұраров хабарлады.
Облыс бойынша жалпы автомобиль жолдарының ұзындығы 5262 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1238 км республикалық маңызы бар жолдар, 1583 км облыстық маңызы бар жолдар, 2441 км аудандық деңгейдегі жолдар.
Республикалық жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарымен «ҚАЗСервис» ЖШС айналысса, облыстық жолдарды «ОблШығысЖол» ЖШС қызметкерлері қадағалайды. Аудандық жолдарды күтіп ұстау жергілікті мекемелердің қолында.
Қар көшкіні қаупі бар жерлердегі қауіпсіздікке ерекше назар аударылып отыр. Осы мақсатта ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ филиалы «ШҚТЭУ» 20 қарөлшеу-көшкін бағыттарын әзірледі. Бұл бағыттарда филиал мамандары қызмет көрсететін 160 қарөлшеу аспабы орнатылған. Биыл барлық аспабтар қалпына келтіріліп, жөндеуден өтті.
Ағымдағы жылы шұңқырларды жөндеу, жол жиектерін нығайту, жаңа жол қоршаулары мен ескерту белгілерін орнату жұмыстары атқарылды.
Сонымен қатар, 2024 жылдың 1 қарашасынан бастап облыста тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік орталықтар іске қосылды. Бұл орталықтар жолдардың жағдайын бақылайды, ауа райы өзгерістеріне жедел түрде жауап береді, барлық деректерді ТЖД және полиция бөлімдеріне жібереді.
Қысқы төтенше жағдайларды жою үшін 1717 адам және 686 бірлік техника жұмылдырылатын болады. Құтқару және медициналық пункттер дайындалды.
Өткен жылы облыстық маңызы бар жолдар 44 рет жабылған болатын. Оның себептері қардың көп жабуы, боран, нөлдік көрініс, аяз және қар көшкіндерін бақылау жұмыстары еді. Биыл қабылданған шаралар осындай оқиғаларды азайтуға бағытталған.