Өскеменде мәнерлеп сырғанаудан ел чемпионаты басталды
Өскемендегі Борис Александров атындағы спорт сарайында конькимен мәнерлеп сырғанаудан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Үш күнге созылатын байрақты бәсекеге еліміздің 11 өңірінен 100-ден астам спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтайтын болады.
Облыс орталығындағы спорт сарайының мұз айдынында ұлттық құрама мүшелері, облыстық, республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары өнер көрсететін болады. Белгілі болғандай, биылғы жарысқа қатысатын спортшылар арасында Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Алматы, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарының жас спортшылары бар. Осы ретте бұл бәсеке 12 мен 18 жас аралығындағы мәнерлеп сырғанаушылар арасында өтіп жатқанын айтқан абзал.
Сондай жас спортшының бірі Джахонгир Әбілқасымовтың бұл спорт түріне ден қойғанына төрт жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында жас болса да болашағынан зор үміт күттіретін жерлесіміз бірнеше дүбірлі додада топ жарып үлгеріпті. Бұл туралы талапты жастың анасы Гүлдана Әбілқасымовадан сұрап білдік.
Биылғы жарыс шынымен де қызықты әрі тартысты болайын деп тұр. Жарысқа қатысушылар арасында спорт шеберлігіне үміткер жастар аз емес.
Мәселен, Шығыс Қазақстанның намысын «Звездный» клубының 15 спортшысы қорғайтын болады.
Айта кетер жайт, үш күнге созылатын жарыс барысын кез келген адам келіп тамашалай алады. Бұл ретте Спорт сарайында өтіп жатқан ел чемпионатына кіру тегін.
Нұржан Кенжеұлы