KZ
Өскемен
-3°
небольшой снег жел 3 м/с, Ю
527.23 544.05 5.05

Шешендік өнердің озық үлгілерін зерттеген ғалымдар

Фото: pexels.com

4.12.2024, 14:45 41 Гульжан Мусина

Тіл тазалығы үшін ұстанған қағидалар – тіл мәдениеті үшін жүргізілген күрестің бір бөлігі. Қазақ әдеби тілінің тарихында бұл тұжырымның алатын орны ерекше. Тіл мәдениетінің табиғи тазалығында сөйлеу әрекеті ұғымы жұптаса жүреді. Себебі, сөйлеу –адамның негізгі іс-әрекеттерінің бірі саналады. Бұл турасында қазақ тіл білімінің тарихында бірқатар зерттеулер жүргізілгендігін ежелгі мерзімді басылымдардан байқауға болады. Нақтырақ айтқанда, 1888 жылы шыққан «Дала уаләяты» газетінің бір бетінде, кейін Ы.Алтынсариннің, А.Құнанбайұлының шығармаларында, «Айқап» журналының беттерінде «Қазақ тілінің тазалығы» үшін деген тақырып өте маңызды мәселелердің бірі болып көтерілді.

Қазақ тіл білімі ғылымының қайнар бастауында ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы, профессор Қ.Жұбанов сынды ілгерілеуші ғалымдардың тұратындығы мәлім. Аталған ізашар ғалымдардың еңбектері тіл және сөз мәдениетінің нормалық, коммуникативтік мәселелері бағытында зерттелген. Сондай – ақ, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында жарық көрген М.Балақаевтың «Қазақ тілі мәдениетінің мәселелері» атты еңбегінде тіл мәдениеті пәнінің дербес ғылыми пән ретінде қалыптасуы жіті қарастырылған. Алғаш рет сөз мәдениетін коммуникативтік-функционалдық аспектіде Н. Уәли «Сөз мәдениеті» кітабында атап көрсеткен. 

Сөйлеу әрекеті алдымен ой-пікірді дайындау кезеңінен басталады. Бұл кезеңде мақсат, ниет, қорытынды деген категориялар негізге алынады. Екінші, ой-пікірді түзеу кезеңінде сөзді таңдауға, жүйелеуге, толық мазмұнға ие болуға мүмкіндік беріледі. Үшінші, сөзді қабылдау әдісі көзделеді. Мұнда сөйлеуші өз сөзіне деген жауаптың оң немесе теріс екендігін анықтай алады. Бұл ретте Ахмет Байтұрсынов «Тіл дәлдігі ойлаған ұғымға сөз мағынасының сәйкес келуі. Ұғымға сөз сәйкес келу үшін сөздің мағынасын айыра білу керек» - дейді. Яғни, тіл тазалығы сөйлеу әрекетінің дұрыс реттілікте болуын талап етсе, сөйлеу әрекеті өз кезегінде тіл дәлдігіне мұқтаж.

Бүгінгі таңда сөйлеу мәдениеті барлық жоғары оқу орындарында гуманитарлық бағытта жүргізілетін пән ретінде оқытылады. Себебі, мемлекеттік тілдің жымдасып орнығуы, қоғамдық-әлеуметтік қызметінің жақсаруы, сөз мәдениетінің дамуы өз өзектілігін жоғалтқан емес. Бір-бірімен тығыз байланысқан сөз мәдениетінің ғылыми негіздеріне әдеби тіл ерекшеліктерін жатқызамыз. Әдеби тіл – сөзмәдениетінің даму жолындағы басым факторлардың бірі. М.Балақаев, Р.Сыздықова, М.Томанов, Е.Жанпейісов және т.б. көрнекті ғалымдардың зерттеу еңбектерінде әдеби және ұлттық тілдің нормалары, стильдік салалар мен жанрлардың зерттелуі кеңінен баяндалады.  Сонымен қатар, Қ.Өмірәлиев, Е.Жұбановтың еңбектерінде әдеби тіл тарихының ауызша сөз өнерімен, ақын –жыраулар поэзиясымен толығатындығын аңғарамыз.

Әрбір сөздің ұтымды пайдаланылуы сөз мәдениетінің қоғамдағы беделін еселеуге ұйытқы болатындығы анық. Бұл туралы  Сәуле Ержанова өзінің «Сөз мәдениеті және көркем мәтін» атты оқу құралында «Сөз сөйлеу мәдениеті деп біз сөздерді сөйлеудің дұрыстығын, қатынастық лайықтылығын, дәлдігін, ойға қонымдылығын анықтаған, түсініктілігін, тазалығын, мәнерлілігін, әртүрлілігін, естілуге жағымдылығы мен орындылығын айтамыз» - деп анықтама берген.

С.Ержанованың «Сөз мәдениеті және көркем мәтін» атты оқу құралы екі ірі бөлімнен тұрады. Сөйлеу мәдениетінің ғылыми негіздері деп аталатын алғашқы бөлімінде автор шешендік өнердің озық үлгілеріне, сөйлеу мәдениетінің негіздеріне, сөз қолдану мәдениетіне, ауызша сөйлеу мәнеріне және шешендік және қарым - қатынасқа тоқталады.

Ғылыми ізденістерге шолу жасар болсақ, шешендік сөздерді жанрлық және тақырыптық жағынан Ахмет Байтұрсынов алтыға (саясат шешен сөз, билік шешен, қаиемет шешен, ділмар шешен, діндарлар шешендігі, көсем сөз); Ә.Мәметова екіге (шешендік дау, шешендік толғау); Рабиға Сыздықова мазмұнына қарай төртке (әлеуметтік –саяси, әлеуметтік –тұрмыстық, билік мазмұнды сөздер, діни қызметтегі шешендік); Б.Адамбаев тармағына қарай үшке (шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау); ғалым Ә.Қоңыратбаев төртке (заңдылық, нақылдық, философиялық, сатиралық) деп бөледі. Сонымен қатар, ғалым С.Негимов шешен сөздердің тектерін үшке (әлеуметтік –саяси тақырыптағы шешендік, академиялық шешендік, әлеуметтік – тұрмыстық тақырыптағы майталмандық шешендік) деп өз нұсқасын тұжырымдаған.

Ал, С.Ержанова қазіргі шешендік сөздер мақсатына, мазмұнына, сөйлесу шарттарына қарай бес топқа жіктеледі деп көрсетеді:

  1. Әлеуметтік – саяси шешендік сөздер. Бұларға осы тақырыптағы баяндамалар, сөйленетін сөздер, митинг, конференция, сьезд, сессияларда айтылатын сөздер, хабарламалар, шолулар жатады.
  2. Академиялық шешендік сөз. Жоғары оқу орындарында оқылатын лекциялар, ғылыми баяндамалар, хабарламалар, шолулар құрайды.
  3. Сот ісінде қолданылатын шешендік сөзге прокурордың айыптау сөзу, әлеуметтік айтушылар мен қорғаушылардың сөзі, адвокаттың сөзі, айыпкердің қорғану сөзі кіреді.
  4. Әлеуметтік – шешендік сөздерге мерейтойларда, салтанатты дастархан басында, қабір басында, көпшілік алдында сөйленетін сөздер енеді.
  5. Діни шешендік сөздер. Уағыз, иман сөздері деп бөлінеді.

Шешендік өнерді «риторика» деп есептесек, ораторствоны «шешендік сөз» деп қарастырамыз. Шешендік сөздердің стильдік нормалары тілдік сипатта жүзеге асырылады. Тілдің грамматикалық және эстетикалық қалыптары сөздің дұрыс айтылуын талап етеді. Тілдесу процесінде контакт анық және жасырын контекстерден құралады. Яғни, тілді жетік меңгергендік сөйлеу мәдениетінің белгілі бір тілдік нормаларын эетік білуінде жатыр. Сөз мәдәниетінің басты сапалық қасиеттерін ф.ғ.д., профессор Дина Әлкебаева «Сөз мәдениеті» еңбегінде былайша жіктейді:

  • сөздің тазалығы;
  • сөздің анықтығы;
  • сөздің дұрыстығы;
  • сөздің көркемдігі.

Д.Әлкебаеваның пікірінше, сөз мәдениетіне қатысты лингвистикалық зерттеулерді қажет ететін лингвистикалық экология саласы. Лингвистикалық экология тілдік ортаның динамикалы құбылысының проблемасын анықтайды және оған төмендегі мәселелерді жатқызады:

  • тілдік ситуация;
  • тілдік сана;
  • тілдік орта;
  • тілдік ортаның тазалығы;
  • сөз қызметіндегі стилистикалық баланстардың бұзылуы;
  • сөйлеу этикасының проблемалары;
  • сөз мәдениеті және мониторинг.

Ғалымдар арасында тартысқа түскен сөз мәдениетінің ғылыми негіздері С.Ержанованың «Сөз мәдениеті және көркем мәтін» еңбегінде, Д.Әлкебаеваның «Сөз мәдениеті», М.Қанабекованың «Стилистика және сөз мәдениеті» оқу құралында, Г.Қосымованың «Қазақ шешендік өнерінің негіздері және тілдік танымы» оқулығында Т.Жұртбайдың «Сөз мәдениеті» зерттеуінде жан – жақты талданып, автор тарапынан нақты тұжырымдар жасалған.

Тұрсын Жұртбай «Шешендік өнер – ақыл бәсекесі, «өнердің патшасы», себебі, оның қоғамдық, мемлекетік, азаматық мақсаты – адамдардың ақыл – ойына, сезіміне, қоғамның алдындағы жауапкершілігіне, іс – әрекетіне, көзқарасына барынша әсер етеді» деп, анықтама берсе, Г.Қосымова «Шешендік – зайырлы қоғамның әлеумеік және экономикалық өсуінің кілті. Қоғамның сауығында адамның білімі, денсаулығы, көңіл – күйі, еңбектегі табысы үлкен рөл атқаратын болса, осындай қоғамдық ахуалды қалыптасыратын да мәдениетке негізделген тілдік қарым – қатынас. Тілдік қарым – қатынаста кісінің білімі, өзін – өзі ұстау мәдениеті, тыңдау және сөйлеу мәдениеті шешуші рөл атқаратын болса, осындай мәдениеті қалыптастыратын да шешендік өнер» дейді.

Шешендік өнердің озық үлгілері ежелгі Грекияда саясаткерлердің жиында ұтымды сөз қолданып, халық назарын өзіне бұру арқылы көрініс бере бастаған. Сол дәуірден бастап – ақ, көркем сөздің жүйесін, заңдылықтарын жете ұғындыратын софистер пайда болды. Софистер кезеңінде риторика өзінің жоғары бағасын ала бастады. Алғашқы риториканың негізін қалаушыларға Платон мен Сократты жатқызамыз. Сондай – ақ, Аристотельдің үш кітаптан тұратын «Риторика» атты еңбегі, римдік Цицеронның «Шешендік өнердің үш трактаты» атты еңбегі, М.Ф.Квинтиллиннің «Шешендік тәлім» атты 12 кітаптан тұратын еңбегі ритоиканың теориясы мен практикасы жайлы мағлұмат беретін тұңғыш зерттеулер болып табылады.

Ал, қазақ халқының шешендік дәстүрінің ежелгі дәуірлерден қолданылып келе жатқандығын аңыз – әңгімелерден аңғарамыз. Шешендік сөздердің ауызша және жазбаша түрінде болатындығы ертедегі түркі халықтарының үлкен жазба әдебиетінде көрініс беріп отыр. Мәселен, Р.Әміров, Қ.Өмірәлиев, Е.Жұбанов көне түркі шешендігін Орхон – Енисей ескерткіштерінен іздеу керектігін айтады. Кейіннен ХІ ғасырда ойшыл Ж.Баласағұн сөз өнері жайлы құнды пікірлер қалдырған. Қазақ шешендік өнерінің тарихын теориялық тұрғыда зерттеу ісін Ш.Уәлиханов, С.Сейфуллин, М.Әуезов қолға алып, философиялық түсіндіріп берген. Сондай – ақ, С.Негимов 1997 жылы «Шешендік өнер» атты еңбегінде қазақ шешендіктану ғылымының тарихына тоқталып, билер шешендігі турасында сыр шертеді.

Шешендік өнер туралы философ – шешен Фараби «Риторика» атты еңбегінде шешен образдарын айқындап, Аристотель айтқан шешендік қасиеттерді: анықтылық, шыншылдық, дәлелдің молдығы, көз жеткізушілік, білімділік, сендіру қабілеттерімен қоса, жұртты өзіне баурап алар қимыл, бет – жүз құбылыстары, дауыс сазы мен сөйлеу мәнерін талдап түсіндіреді. Ал, С.Ержанова әрбір шешеннің өзіне тән, ерекше сөйлеу кейпі болатындығын алдыға тартады. Сондай – ақ, шешен образын:

  • сыртқы пішіні (шешен сахнаға шыға келгеннен бастап – ақ, тыңдаушылар оны сынап үлгереді, бір – бірімен пікір алысып, ескертпелерін жасап жатады);
  • сөйлеу кезіндегі мінез – құлқы (шешеннің сыртқы түрінен гөрі, сахнадағы мінез – құлқы, өзін – өзі ұстауы көп мәселеге әсер етеді);
  • жүріс – тұрысы (тыңдаушылар лектордың жүріс – тұрысына да көңіл аударады. Аудиториямен байланыс қадағаланады);
  • бет әлпетінің реңі (шешеннің сөйлеп тұрғандағы бет – әлпетінің реңі көп қызмет атқарады. Ым мен ишарат арқылы жасайтын қимылдарға мұқият болу қажет);
  • сөз сөйлеу кезіндегі қол қимылдары (сөйлеу кезінде шешендер өздерінің ойлары мен пікірлерін әртүрлі қол, бас, мойын, иық, бүкіл денесімен, аяқтарының қимылдарымен толықтырып отырады);
  • сөйлеу техникасы (жүріс – тұрыс, ым, ишара алынған ақпараттың сезімдік мағынасын арттырып, оларды жақсы сіңіруге жәрдемдеседі) деген алты критерий бойынша жіктейді.

Академик Сәуле Ержанованың шешеннің сөйлеу стильіне қатысты тұжырымдаған ғылыми көзқарасы заманауи шешендіктің үлгісін көрсетіп отыр.

Сондай-ақ, зерттеушінің «Сөз мәдениеті және көркем мәтін» оқу құралында күнделікті өмір көрсетіп жүрген шешендік түрлері кеңінен тарқатылған. Нақтырақ айтқанда, әлеуметтік – саяси шешендікке шешен сөйлеу жанрындағы ғылыми және ресми сильдердің нышаны байқалатындығын айтады. Бүгінгі күні саяси шешен сөйлеу: лексиканың қызметтерін, саяси лексиканы, саяси және экономикалық терминдерді орнымн қолдануды ескереді. Ал, академиялық шешендікке бүкіләлемдік көзқарасқа ғылыми әсерін тигізуші, ғылыми мазмұндық сипаты басым, терең талдаушылық, логикалық мәдени қисыны бар сөздер жатады деп көрсетеді. Бұл ретте ХІХ ғасырдағы А.Құнанбайұлы мен Ш.Уәлихановтың, ХХ ғасыр өкілдерінің ішінде А.Байтұрсынов, Қ.Сәтбаев, М.Әуезовтің, бертін келе С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, З.Қабдоловтың шешендік қолтаңбалары маңызды рөлге ие. Күнделікті өмір көрсетіп жүрген шешендікке соттағы шешендікті жатқызған академик бұны өз кезегінде прокурорлық, қорғаушылық (адвокатская) және сөйлеу деп бөліп қарастырады. Қазақ даласында бұндай шешендік ерте би соттарынан басталса, қазіргі күні соттық процесс арқылы көрініс беріп келеді. Әлеуметтік – тұрмыстық шешендік өз бастауын фольклордан алып, бүгінде мерекеліп сипатта жалғасын тауып отыр. Бұған біз өлең – жыр, арнау, толғау, мақал – мәтелдер, ойын – сауық, той – думандардағы әсерлі әрі ұтымды сөздерді жатқызамыз. Соңғы мешіттік мазмұндағы шешендік көбінде дидактикалық, тәлім – тәрбиелік, адмгершілік сипатта жүзеге асады.

Шешендік өнердің озық үлгісін қалыптасыруда әдеби тілдегі айшықтау негізгі компоненті саналады. Атап айтқанда тембр, дауыстау тоны, кідіріс, қайталау, эпитет, метафора, кейіптеу, бас изеу, мақұлдау, эллипсис, эвфемизм мазмұнды сөйлеуге жаттықтырады.

Қорыта айтқанда, шешендіктану ғылымы саласында жазылған көлмді еңбектер мен жүргізілген зерттеулер құнды әрі өміршең. Бұлай дейтініміз, сөз сөйлеу мәдениеті шешендік сөздің классикалық формасында жүзе асады. Бұған дәлел ретінде М.Қ.Қанабекованың «Стилистика және сөз мәдениеті» еңбегіндегі: «Шешендік сөз - тілдік, коммуникативтік, философиялық, логикалық, этикалық, психологиялық, тарихи-мәдени т.б. көпқырлы ерекшеліктері бар классикалық формадағы сөз өнері» деген пікірін ұсынамыз.

Расыменде, сөз өнерін назардан тыс қалдырмаған халық үшін тіл мәдениет, оның төл табиғилығы, сөйлеу мәдениеті маңызды фактор болып саналады. Халықтың сөздік қолданысындағы құнарлы сөздердің көшбасында тұрған шешендік сөздер сөз мәнерін дұрыс қолданудың жемісі. Демек, бұл саланы ары қарай зерттеу әрі ауқымын молайта түсу ұрпақтар сабақтастығының негізгі алғышарты саналады. Шешендік өнердің озық үлгілеріне тоқталған зерттеушілердің еңбектері тілдік әрекеттер мен сөздік қатынастарды қажеті деңгейде дербес меңгеріп, тіл мәдениетін арттыруға сеп болады деп сенеміз.

Т.Р. Әбдіқадырова,

филология ғылымдарының докторы

К.Б. Қанат,

филология ғылымдарының магистрі

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу