KZ
Өскемен
+5°
переменная облачность жел 4 м/с, ОШ
485.04 525.98 5.04

ШҚО мамандары өкпе обырын ерте анықтаудың жолын ұсынды

31.07.2024, 16:01 121 Айна Ескенқызы

Облыстың онкологтары өкпе обырын ерте анықтау мақсатында  елімізде кеуде қуысының төмен дозалы компьютерлік томографиясын  тәуекел тобындағылар үшін скринингтік зерттеу ретінде енгізуді ұсынады. Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында өкпе обырын ерте анықтауға арналған  тұрақты медициналық тексерулер мен скринингтің маңыздылығы туралы айтып берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қатерлі ісікті ерте анықтау ем-домның тиімділігіне және обырдан болатын өлім-жітімнің төмендеуіне ықпал етеді. Елімізде өкпе дертін анықтау үшін жылына бір рет флюорографиядан өту, тұрақты медициналық тексерулер мен скринингтік зерттеулер жүргізіледі. Алайда тұрақты медициналық тексерулермен тек жұмыс істейтіндер ғана қамтылған. Ал жұмыссыздар,  өзін-өзі қамтитындар ешқандай тексеруден өтпейді.

- Мұндай тексерулер мен скринингтер әсіресе жоғары қауіпті топта тұрған адамдар үшін маңызды. Сол себепті біз елімізде тәуекел тобына жататындар үшін   кеуде қуысының төмен дозалы компьютерлік томографиясын скринингтік зерттеу ретінде енгізуді ұсынамыз. Процедура он минутқа созылады.   Темекі шегушілер немесе бұрын темекі шеккендерді, тәуекел тобына жататындарды төмен дозалы КТ зерттеуімен қамтуға біздің ресурсымыз жеткілікті, - дейді облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығы клиникалық-диагностикалық бөлімшесінің басшысы Шолпан Нұрғалиева.

2008 жылы біздің облыста бұл тәсіл қанатқақты жоба ретінде енгізілгенін айта кеткен жөн. Ол кезде жобаға алты жүзден астам адам қатысып, олардың он пайызында өкпе обыры алғашқы сатысында анықталған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, 1 және 2 тамызда сағат 08.00- 13.00 аралығында Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында өкпенің қатерлі ісігін ерте анықтау және алдын алу бойынша кезекті ашық есік күні өтеді.

-Бұл күні облыс тұрғындары МӘМС жүйесіндегі статусына қарамастан, орталықтың жетекші мамандарынан кеңес ала алады. Терапевт дәрігерден жолдама талап етілмейді. Өзіңізбен бірге тек жеке куәлігіңіз болуы керек. Көрсетілім бойынша келушілерге апараттық зерттеулер де жүргізіледі, - деді Шолпан Бранбайқызы.

Мекенжайы: Өскемен қ., Потанин к-сі, 6, 1-корпус, консультациялық-диагностикалық бөлімше (емхана).

Байланыс нөмірлері: +7(7232) 48-91-51, +7 778 003-78-45.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив