Құтқарушылар медициналық мекемеде өрт сөндіру дағдыларын жетілдірді
Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар медициналық мекемеде өрт-тактикалық жаттығу өткізді, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаттығу барысында медицина қызметкерлерінің өрт кезіндегі әрекеттері тексеріліп, құтқару қызметтерінің үйлесімді жұмысын ұйымдастыруға ерекше назар аударылды.
Оқу-жаттығудың жоспары бойынша, стационар ғимаратының үшінші қабатында оттегі таралуынан газ-ауа қоспасы жарылып, төсек-орын мен жиһаз тұтанады. Медициналық қызметкерлер дереу құтқару қызметіне хабарласып, науқастарды эвакуациялауды бастайды.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары шұғыл жетеді. Ең алдымен, кезекші электрик ғимараттағы электр энергиясын ажыратады. Ал тыныс алу органдарын қорғау аппараттарымен жабдықталған өрт сөндірушілер ғимаратты барлауға кіріседі. Олар түтін басқан аймақтарда қалған науқастар мен қызметкерлерді құтқару қалпақтарының көмегімен сыртқа алып шығады.
Үшінші қабатта түтін аймағында қалған пациенттер мен қызметкерлер эвакуацияланды. Бұл процесс автосатыны қолдану арқылы жүзеге асты. Ал басқа өрт сөндірушілер негізгі отпен күрес жүргізді. Барлық науқастар мен персонал қауіпсіз жерге шығарылып, өрт толығымен сөндірілді.
Фото: ШҚО ТЖД