Өзен-көлімізде балық туласын десек...
Фото: depositphotos.com
Шығыс Қазақстан су ресурстарына, жануарлар мен өсімдіктер әлеміне аса бай өлке екені белгілі. Алайда мұндай байлық экобаланс пен табиғи жаңару процестеріне кедергі келтірмеуі үшін үнемі қорғауды қажет етеді. Шығыс Қазақстанда уылдырық шашу кезеңінде балық аулап, істі болған азаматтарға қатысты 93 әкімшілік жауапкершілік туралы хаттама жазылған.
Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Балық шаруашылығы комитетінің Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Фархат Байбазаров мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Су артериясының импульсі
Жыл сайын бейінді ведомство қызметкерлері жануарлар дүниесін қорғау мақсатында кешенді жұмыс жүргізеді. Бұл жұмыстар жан-жануарлардың тіршілік ету ортасы мен көбеюге қолайлы жағдайын, өрістеу жолдары мен шоғырлану орындарын қорғауды көздейді.
Биылғы балық аулау ережелерінің сақталуын қадағалауға бағытталған рейдтер 16 сәуір мен 30 мамыр аралығында жүргізілген-ді. Осы уақыт ішінде құқық бұзушылық жасаған азаматтарға қатысты әкімшілік жауапкершілік туралы 93 хаттама жасалыпты. Оның ішінде 69 хаттама заңсыз балық аулағаны үшін, тоғызы – балықты рұқсатсыз тасымалдағаны және 13-і кеме қатынасы режимін бұзғаны үшін толтырылған. Тағы екі адам су айдынын ластағаны үшін жауапқа тартылған.
Маман қолданыстағы балық аулау заңдары мен ережелерін бұзудың жауапкершілік жүгі ауыр екенін айтуда. Оның сөзіне сенсек, істі болған 82 адамға жалпы сомасы 1 816 464 теңгенің айыппұлы салынған, нәтижесінде 55 адамнан 978 380 теңге өндіріліпті. Сондай-ақ табиғатқа келтірілген залалды өндіру мақсатында сотқа 1 433 705 теңгенің талап-арызы берілген.
Мұның бәрі – мәжбүрлі әрі қажетті іс-шаралар. Дегенмен адамдарды жауапқа тартудан бұрын, заңбұзушылықтың алдын алу мәселелеріне көбірек көңіл бөлінуі керек, дейді маман. Оның айтуынша, түпкілікті мақсат – адамдарды табиғатқа және оның ресурстарына ұқыпты қарауға үйрету, былайша айтқанда, халық арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру.
Белгілі болғандай, осы уақыт ішінде сала мамандары үш бірдей облыстың, яғни Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар өңірлерінің тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізген екен. Мұндай кездесулер барысында адамдарға уылдырық шашу кезінде Ертіс өзенінің бойында және жағалауларында балық аулауға тыйым салынатыны, ал заңды белінен басқандарға қатысты қатаң шара қолданылатыны ескертілген.
Инспекция басшысының орынбасары Қазақстандағы негізгі су артериясының бірі саналатын Ертіс өзенімен өміріміздің көп саласы біте қайнасып жатқанын, сондықтан бұл мәселеге өте мұқият әрі асқан жауапкершілікпен қарау қажеттігін айтады.
Тасқынның да пайдасы бар
Бейінді ведомствоның мәліметінше, биылғы тасқынның есебінен су қоймалары да едәуір толыққан. Мұның суасты әлеміне де тигізер пайдасы зор екен.
Ендігі мәселе – аймақтардағы қолда бар су ресурстарын таза ұстау. Бұл тұрғыда Балық шаруашылығы комитетінің тапсырмасы бар, оның аясында жыл сайын табиғатты қорғауға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Мысалы, 2024 жылғы 11 мамырдан 31 мамырға дейін «Таза су айдындары» атты табиғатты қорғау акциясы өткізілген. Ол балық ресурстарын және олардың тіршілік ету ортасын сақтауды, сондай-ақ балықтың табиғи көбеюіне қолайлы жағдай жасауды мақсат етеді.
Соңғы жылдары су айдындарын иесіз балық аулау торларынан тазарту мәселесі де өзекті проблемалардың біріне айналған. Мамандар су астындағы мұндай тұзақтар балықтарға ғана емес, адамдарға да аса қауіпті екенін айтады.
Мұндай жұмыспен балық шаруашылығының 44 субъектісінің аумағы мен резервтік учаскелері қамтылыпты. Нәтижесінде, Зайсан-Ертіс бассейнінің жағалауында 28,5 тонна қоқыс жиналған. Арнайы тралдың көмегімен су қоймаларынан балықтар үшін аса қауіпті аулардың 113 данасы жиналып, артынша жойылған.
Тағы бір айта кетер жайт, облысаралық инспекция су айдындарының жағалауларын да жинастыру жұмыстарын назардан тыс қалдырмаған. Бұл жұмысқа балық шаруашылығы субъектілері ғана емес, еріктілер де тартылыпты. Жалпы, жергілікті атқарушы билік органдарымен осы бағыттағы тиімді өзара іс-қимыл бұрыннан бар.
Алаған қол береген де болуы керек
Шығыс Қазақстандағы балық ресурстарын толықтырудың, сондай-ақ биологиялық әртүрлілікті сақтаудың пәрменді тәсілдерінің бірі деп су айдындарына балық жіберу жұмыстарын айтуға болады. Дәстүр бойынша әр көктем сайын Бұқтырма, Өскемен, Шүлбі су қоймалары мен басқа да су айдындарына шабақтар жіберіледі. Әдетте, мұндай іс-шаралар журналистердің қатысуымен өтеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін әсіресе торлар мен тұйық су айналымы қондырғыларында балық өсірудің шетелдік тәжірибесі қызықтырады.
Осы орайда, Шығыс Қазақстан судың тереңдігімен, температурасымен, тазалығымен және балық өсіруге қажетті басқа да маңызды қасиеттерімен ерекшеленетін сан алуан су қоймаларына бай екенін айтқан орынды. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, біздің облыстың өзге өңірлерден артықшылығы көп.
Бассейн инспекциясының ресми мәліметтері бойынша, ағымдағы жылы су айдындарын балықтандыру жұмыстары жалғасады. Мысалы, көктемгі маусымда ол балық шаруашылығы учаскелерін пайдаланушылар тарапынан шарттық міндеттемелерді орындау шеңберінде өткізіледі. Бұл жұмыс аясында Бұқтырма мен Өскемен су қоймаларына жалпы саны 12 466 500 дана балық жіберілген.
Бассейндік инспекция басшысының орынбасары, сонымен қатар 2023 жылы су қоймаларын балықтандыру жөніндегі ақпаратпен бөлісті. Ол бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Атап айтсақ, Зайсан-Ертіс бассейніне жіберілген балықтың жалпы саны 37,6 миллионнан асқан екен.
Мәселен, Зайсан көліне, сондай-ақ Бұқтырма, Шүлбі су қоймаларына және жергілікті маңызы бар су айдындарына 2 311 960 дана әр түрлі жастағы сазан мен тұқы балықтары жіберіліпті. Тағы 34 983 340 дана рипус пен пелядь балығы Бұқтырма мен Өскемен су қоймаларына жеткізілген. 200 мың дана ақ амур Зайсан көліне жерсіндірілсе, жергілікті маңызы бар су айдындарына 110 мың дана бақтақ (форель) шабағы жіберілген екен.
Таир Сапарғалиев