“Мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндеттіміз”
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін белгілі басылым тілшісіне берген сұхбатында жастар туралы да өз ойын айтты. Сан сала бойынша сұхбаттың мазмұнын тарқатып жатқан халық арасында Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ қызметкері Сән Советбекқызы дәл осы ұрпақ сипатына қатысты пікір білдірді.
- Президент ұрпақ болашағын ойлап, шын жүректен тілеулестік білдіретінін, ел тағдыры жастардың қолында екенін атап айтты. «Біз отаншылдығын нақты ісімен көрсететін әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндеттіміз. Реформаның бәрін жастардың игілігі үшін жасап жатырмыз. Бұл – әдемі сөз емес, мемлекет стратегиясының түпкі мәні. Бүгінгі жастар біздің жас кезімізге қарағанда әлдеқайда көп біледі. Қазіргі технология дәуірінде бұл – қалыпты нәрсе. Қазақстанда дарынды, білімді әрі мақсатына ұмтыла білетін қыз-жігіттер көп. Дәл сол себепті мен жастарға сенемін деп жалықпай айта беремін», - деді Президент. Осы орайда жоғары білім беру саласының мамандары мен студент жастардың ұстанымы ғылымды дамытуда және білім жүйесін нығайтуға белсенді ат салысу болуы керек. Студенттер мемлекет тарапынан берілетін қолдауды саналы да сапалы қолданып, елдің ғылыми әлеуетін арттыруда жемісті еңбектенуі қажет деп білемін.
Осылай деген университет өкілі Тәуелсіздік ұрпақтары бастаған жастар берілген мүмкіндіктерге жауапкершілікпен қарайтынын алға тартты. Маманның айтуынша, Аманжолов университетінің жас ғалымдары мен білімді студенттерінің түрлі жетістіктері оған дәлел.
- Ел болашағы үшін жаңа белестерді бағындыратын саналы ұрпақ тәрбиелеуде ісіміз алға баса берсін! - деп қорытты Сән Советбекқызы.
Сән Советбекқызы, С.Аманжолов атындағы ШҚУ қызметкері