KZ
Өскемен
-13°
пасмурно жел 1 м/с, В
526.11 542.31 4.76

«Әнді сүйсең менше сүй»

Фото: pinterest.com

8.12.2024, 09:30 33 Гульжан Мусина

Абайдың әдеби айналасы оның ақын шәкірттерімен ғана шектеліп қалмағаны белгілі. Ақынның айналасындағы өнерлі топ өкілдерін әдеби ортадан бөліп қарауға болмайды. Әнші мен күйші, тоғызқұмалақшы мен дойбышы, балуан мен құсбегі, қолөнер шебері мен Ағашаяқтай цирк өнерінің майталмандары Абай маңына үйірілді. Өйткені, Абай ауылы тек өлең ғана емес, барлық өнердің  бас қосқан құтты мекеніне, шын мәнінде өнер ордасына айналды.

Абай – бүкіл бір елдің мәдени ренесансын жасап кеткен тұлға. Мәдениеттің ішіне ақыл-ой, әдебиет пен өнер, ән мен күй кіреді десек, осылардың бәрін Абай туғызбаса да жаңадан түлетті, жаңғыртты, бұрынғы шықпаған биігіне шырқатты, аспаған асуына жеткізді. Ақын Абайдың кемеңгерлігі міне осында жатыр. Өнер түрлерінің ішінде қара өлеңмен қатар қанат қағып, даңқы алысты шарлаған Абай ауылынан шыққан ән өнері десек, Абай айналасындағы әншілікті сол ортадағы ақындық өнерден бөле-жара қарауға болмайды. Сол себепті де Абай айналасындағы ақындықты айтқан кезде, сонымен жарыса жүретін өнерлі топ, өнер ортасы деген ұғымға, соның ішінде әсіресе ән тақырыбына ауытқып кететініміз заңды сияқты. Өйткені, Абайдың ақындығын ән өнерінен бөліп қарау мүмкін емес. Абайдағы өлең сөз бен әнге салып айтатын өлеңнің арасына шек қоймай сөйленетін біраз өлеңінде ән мен күйге байланысты ойлары баршылық. Мәселен, «Көңіл күйі құйқылжыр шартарапқа» деген өлеңі – жақсы әнге берілген анықтама. Дәл осы анықтамалықты жазған адам жаман ән шығармасы анық. «Әннің де естісі мен есерін» електен өткізе білер қатал сыншы, ән шығарғышқа талабы жойқын Абайдың тек «судай тұнық өмір сәуле көрсетер» жақсы ән шығаруға ғана қақысы бар еді. Қазақтың әуезе тарихында Абай тек композитор ғана емес, музыка әлеміне «Абай стилін» енгізген жаңашыл тұлға. Ақынның ән мұрасын зерттеуші Г.Бисенова бұл туралы былай дейді: «...песенный стиль Абая представляет собой органический синтез речитативной декламационности искусства казахских акынов, с преобладающим значением поэтического текста, в сочетании с распевностью лирико-повествовательных казахских песен и интонационных особенностей руского городского мелоса». Абай әні жаңашыл дегенде оның әуезінен ғана жаңалық іздеу аз, терең мазмұн мен биік эстетикаға толы ән сөзінің құдіреті де адам жанын баурарын сезімтал ақын қалт жібермеді. Ақынның поэзиядағы жаңалығы ән өнеріне де жаңа леп, қазақ даласына тың әуендер әкелді. Ғалым А.Жұбанов «Абай» деген мақаласында Абайдың композиторлық даралығын жан-жақты ашып көрсеткен.

Абай әндерінің ерекшелігін айтқанда оның орыс халық әндерімен байланысын, олардың әсерін айтудан қашудың керегі жоқ. Абай әндерінің әуені орыстың ескі әндерін еске түсірсе, ол – көшіріп алғандық емес, керісінше ұлттық колоритке басқа ән әуендерді пайдалана білген Абайдың жаңашылдығы, музыка өнерін жетік меңгергендігі. Абай бұрынғы тыңдаушының құлағына, жыршының қолындағы домбыра әуеніне  тәуелді қазақ өлең құрылысында жазба поэзияға лайық жаңа реформа жасады. Қазақ өлеңінің құрылымына, ырғақ, әуез жүйесіне қыруар жаңалықтар қосты, қазақ тілінің ауыз әдебиетін жарқыратып көрсете алмаған мүмкіндіктерін ашты. «Абайдың композиторлық еңбектерінде де ақындық еңбегі сияқты өзіне тиісті үлкен жаңа өзгешеліктер бар. Бұрынғы ауызша әдебиетке Абай көп еліктемей, жалпы сөз қорын пайдалана отырып «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп, өзінше жаңа түрлі өлеңдер шығарады. Бұрынғы әнді өзі бұрынғы әдебиеттен сонағұрлым артық бағаласа да, ендігі өз әнін жақсы-жаман болса да жаңаша үлгімен айтпақ болады. Шырқауы, айғайы аз, көбінесе құлақ күйіне ұқсаған қоңыр баяу әндер туғызады. Орыс пен европаның камерный әніне, романстарына ұқсаңқырап келеді. Бұрынғы қазақ әнінің жаңа бір стильмен дами бастағанын байқатарлық әндер болады»,- деген М.Әуезовтің пікірі Абайдың композиторлық жаңашылдығын тап басып тұр.

Әсілі, Абай әншілікті кәсіп етпегені айдан-анық. Абайдың әні өлеңі мен қарасөзі сияқты халыққа жақсы сөз, үлгі-өсиет, эстетикалық тәрбие берудің құралы-тын. Бұл тұрғыда Абай әнінің қоғамдық мәні айқын. Халқының санасын өлеңмен, қарасөзбен баураған ақын, ендігі кезекте «ұйықтап жатқан жүректі оятар» әнді қару етті. Сөйтіп, Абайдың құдіретті сөзі әнге қосылып қазақ даласына бұрынғыдан да жылдам тарады, тыңдаушысын баурап алды.                

Қазақ музыкасы, ән-күй өнеріне деген жақындық Абайдың Тәттімбет күйлерін тыңдап, Біржан әндеріне деген ерекше ықыластан бастау алғанын айта кетуіміз керек. Шертпе күйдің қас шебері Тәттімбет Қазанғапұлы Абайға әріден қозғаса нағашылығы да бар. Әкесі Құнанбаймен қарым-қатынаста болғандығы жайында М.Бейсенбаевтың «Абай және оның заманы» кітабында жазылған. Қазақ музыка мәдениетінің ірі қайраткері А.Жұбанов төмендегідей дерек келтіреді: «Бір әңгімеде Абайдың шешесі Ұлжанмен бірге туған сіңілісі Малғара келіншек болып ұзатылып барып отырғанда, киітімнің басы деп Тәттімбеттің «Сылқылдағын» тартыпты дейді». Тәттімбет пен Абайдың нағашы апасы – Малғараның күй жарыстырғаны туралы да ел аузында деректер кездеседі. Қалай деген күнде де әке мен шеше жағынан да таныстығы бар Абай мен дәулескер күйші арасындағы домбыраның шегіндей нәзік байланыстың күйін келтіретін уақыт тақалғандай.

Ал, Абай мен ән өнерінің ақтангері Біржан арасы туралы аз-маз тоқтала кеткен жөн. Абай мен Біржан байланысы бір жағы Біржан, Тәттімбет ән өнерімен байланысты болса, екіншіден Біржан мен Сараның кездесіп, ән жарыстыруы, соның нәтижесінде «Біржан-Сара айтысы» сияқты көркем туындының өмірге келуіне қатысты мәселе. Біржанның Абай аулына келуі туралы деректерді А.Жұбанов, С.Мұқанов, М.Ғабдуллин, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, М.Жармұхамедұлы, М.Имашев  сынды ғалымдар келтіреді. Бұл оқиғаның М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында тарихи шындықтың шеңберінде өте әсерлі суреттелгенін баса айтуымыз керек. Бірақ, дәл қай жылдары Абай аулына келді дегенге түрлі болжамдар айтылып жүр. Көбіне Біржан салдың Абай еліне, одан Жетісуға келуін «Біржан-Сара айтысы» сынды көркем шығармадағы «Екі жыл отыз беске келгеніме» деген жолдармен байланыстырып, «Біржан отыз жеті жасында Жетісу өңіріне келген» деген болжам айтады. Әлі нақты бір тоқтамға келмеген Сара Тастанбекқызының өмір сүрген уақытымен Біржан мен Сара кездескен уақытты анықтаған күнде ғана Біржанның Абай ауылында болған кезін межелей аламыз. «Сара Тастанбекқызы 1854 жылы туып 1916 жылы өлген»,-деген деректі келтіруші М.Имашев Біржанның 1971 жылдары Абаймен кездескенін айтады. Ө.Ақыпбекұлы, Б.Нұржекеевтер: «Сара 1853 – 1907 жылдар арасында өмір сүріп, 1871 жылы Біржанмен айтысқан» деген деректі ұстанады. Ал, «Сара 1878-1916 жылдары өмір сүрген, Біржанмен кездескен уақыты 1890 жылдардың орта шені»,- деген деректерді І.Омаров, Т.Қалилаханов сондай-ақ, тағы басқа зерттеушілер келтіреді. Ескерте кетейік, Б.Кенжебаев, Қ.Мұхамедханұлы бастаған «Біржан мен Сара айтыспаған»,- деген деректі ұстанушылардың барлығы Сараның 1878-1916 жылдары өмір сүргенін дәлелдеп келді.

Демек, Біржанның Шыңғыстауға келіп, Абаймен жолығуы – 1870 жылдардың басы, екінші болжам тоқсаныншы жылдардың орта шені. Абай елінің құйма құлақ қарттарының естелігінде төмендегідей дерек келтіріледі: «Абай жастарға өз әнімен қатар әсіресе елдің ескі ән-күйлерін үйренуді көп тапсырған. Өз тұсындағы атақты әншілерден Әсет, Біржан, Мұқа сияқтыларды қонақ етіп, аулында ұзақ-ұзақ уақыт сақтағаны да бар. Мысалы: Біржаннан ән үйренген деп, өзінің тоқалы Әйгерімге де тапсырады. Бұл жасында ірі әнші болған әйел екен. Кейбіреулер Абай оны әсіресе әншілігіне қызығып алған деседі. Сол Әйгерім жас шағында Біржаннан ән үйренгенін айтып кеп: «Абайдың айтуынша Біржан ақын емес, әнші еді. Ал әншілігінің ерекшелігі дауысы өте зор еді. Қыстауда отырып салған әні Тізесуға естілетін, (бұл екі ара қозы көш жер). Өзіме осыдан ән үйрен деп Абай тапсырды. Біржанды жаз бойы қонақ қып сақтады»,- дейді. Демек Біржан сал Абай еліне Әйгерім келін боп түскеннен кейін ат басын тіреген. М.Әуезов «Абай жолы» эпопеясында Әйгерімнің келін боп түскеніне үш ай толғанда Біржанның Абай аулында қонақ болуын шығармасына арқау етіп, уақыт шындығынан алыс кетпегенін аңғартады. Әйгерімнің келін боп түскен жылы – 1875 жыл. Яғни, Біржан Абай аулында кей зерттеушілер айтып жүргендей 1871 жылы емес, «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында айтылғандай 1865 жылы да емес, 1875 жылы немесе содан кейін келген. Бұл турасында М. Әуезов: «Ертерек уақытта қазақтың әнші, ақындарының ең бір ірі адамы – Біржан сал да Абаймен жүз көрісіп, үлкен дос болған. Ол Абайдың жасырақ кезінде Тобықты ішіне келіп (атақты ақын қыз Сарамен айтысатын сапары болу керек), көп уақыт қадірлі қонағы болып жатып, Көкшетау, Атбасардан бергі жерде болған қазақ өнерпаздарының көп қазынасымен Абайды кең таныстырып кетеді. Абай өзі де көп ән үйреніп, көп ақынның сөзіне қанып қалады. Әйелі Әйгерімге Біржанның әндерін үйретеді» ,- дейді.

Біржан мен Абайды жазушы Асқар Сүлейменов те «Адасқақ» деген әңгімесінде 1875 шілдеде кездестіреді. Бірақ екі өнер иесінің кездесуін арқау еткен әңгіме желісінде Біржан мен Абай соншалықты ұнамсыз бейнеде көрінген. Жазушы Абай мен Біржанның кедесуін арақ ішіп отырған, мән-мағынасыз тұрпайы әңгіме үстінде бейнелейді. Абайдың жанындағы Керімбала, Әйгерімдерге қырындап, араққа тойып, кекірене кербезденген Біржан, «нақұрыс Ербол» тағы-тағылардың арасындағы анайылау диалогқа құрылған көркем шығарманы кезінде Б.Сапаралы да қатты сынға алған.  Автор қаншалықты көркемдік қиялға барды дегенімізбен, тарихи тұлғалар Біржан мен Абайға қиянат жасаған.

Ал жоғарыдағы «Біржан ақын емес, әнші» деген Абайдың айтқанына келсек, Біржанның ақындығына шүбә келтіруге болмас. Әсте, Абай адамның бойындағы қай өнері басым соған қарата айтқан болуы керек. Анығында Біржанның ақындық өнері заманындағы ақындардың жуан ортасынан орын алады. Әйтсе де, оның әншілігі басымы – басым. Әсет Найманбайұлын да Абай ақындығына емес, әншілігіне бола қасына тартқан. Қажылық сапарға аттануға ниет білдірген Шәкәрімге Абай: «Шәкәрім, сенің ақындығыңнан тарихшылдығың басым, шығыс жұртына барып, солардың кітапханаларына отырсаң деп едім»,- дегенінен Шәкәрімнің ақындығын төмендетуге болмас. Абай дәл байқағандай Шәкәрім тарихқа өте жүрік-тін және оның тарихшылдығы ақындығынан асып тұрғанын мойындауымыз керек.

Олай болса, әншілік пен өлең өнерінің екі үлкен өркешті өкілінің кездесуі – Абайға да, Біржанға да үлкен рухани толысу болды. Әуезов эпопеяда Біржанның Абай ауылымен қоштасар шақта туған «Қозы көш» әнін Әмірдің үйреніп қалуын романға арқау еткенде Біржан мен Абай өнерінің шағылысуы Абайдың әншілік өнерде жүрген ізбасар шәкірттеріне жаңа бір ән толқынын әкелгенін байқатса керек-ті. Сондай-ақ, Біржандай дауыс болмағанмен Абай ән өнерін жетік меңгеріп, әсіресе, орыс композиторларының әндерін жадына тоқыған үлкен композитор, Біржан өнерінің шын бағалаушысы бола білді. Абай мен Біржан арасындағы осындай жақындықтың салмағын артыра түсу мақсатында шығар бәлкім өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Ғ.Сералиев деген Біржан салды Абайдың ақын шәкірттері қатарына қосып жібереді. Біржан Абайдың ақын шәкірті бола алмайды. Біріншіден, жасы үлкен, бірақ ол да негізгі талап емес. Көп дегенде Абай қасында бір ай болып, өлең туралы, ән туралы сұхбат құрып, еліне көп өсіп қайтқан Біржан салды Абай шәкірті десек, онда Абай мектебі деген, ақын шәкірттері деген ұғымның мәнін жоғалтып алғанымыз.

Ахмет Жұбанов Біржан мен Абай арасындағы байланысқа тоқтала келіп, Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» өлеңіне ән шығарғандығын айтады. Бұл пікір «Абай» энциклопедиясына енген Біржан сал туралы мақалаға да арқау болған. Бірақ, осы жерде бір сәйкессіздік бар. Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деген өлеңі – «Я видел березку, - сломилось она» деген В.А.Крыловтан аударма (А.Рубинштейн ән жазып, романсқа айналдырған) 1898 жылы аударылған шығармасы. Яғни, Біржан сал дүниеден өткен соң бір жылдан кейін Абай аударған. Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» еңбегінде Біржан сал мұрасына тоқталғанда аталмыш туындыға әнді Біржан шығарған десе, «Абай» деген тарауында: «Абайдың кейбір әндері орыстың белгілі композиторларының шығармаларымен тікелей таныстықтан туып жүрді. «Мен көрдім ұзын ағаш құлағанын» атты әні сол аттас Рубинштейннің романсын естіп барып шығарылуы да мүмкін деген жайлар бар»,- деген қарама-қайшы пікір айтады. Өнертану ғылымдарының докторы, профессор Б.Т.Ерзакович: «В 1939 году по инициативе М.О. Ауэзова в Алматы были возобновлены нотные записи песен Абая»,- деп бірнеше әндерді атай келіп: «... лично с напева М. Ауэзова записал «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» («Видел я, буря сломила березку»),- деп жазса, Абайдың музыкалық мұрасын зерттеуші Т.Бейсенова да әнді Абайдың шығармаларының қатарында зерттеп қарастырады. Ал белгілі композитор Т.Базарбаев дәл осы Абай әніне М.Төлебаев та ән жазғанын айтады. Демек, ән Біржан салдікі емес, Абайдікі. Абай мен Біржан арасын айтқанда осындай бірін-бірі жоққа шығарып жататын басы артық дүниелерге сақ болуымыз керек. Мұндай даулы пікірлер екі тұлға арасындағы байланысты зерделей түсуге кері әсерін тигізері анық.

 Бауыржан Ердембеков

Филология ғылымдарының докторы

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу