Шығыс Қазақстан облысының шаруалары үздік тұқымдарға басымдық беріп отыр
Фото: depositphotos.com
Шығыс Қазақстанда ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің қарқынды технологияларын әзірлеп, өндіріске енгізуде болашағы зор сорттар мен жоғары сапалы тұқымдар басты рөл атқарады. Аграрлық ғылым мен тәжірибе көрсеткендей, бұл бағыт – өңір мен елдің агроөнеркәсіптік кешенінің болашағы, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл туралы Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының (ШҚАШТС) директоры Кенжеғазы Тоқтасынов мәлімдеді.
Айта кетейік, ШҚАШТС элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие. Қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие күнбағыс, соя, бидай және мал азықтық дақылдардың көптеген сорттары мен будандарының шығарушысы болып саналады.
ТҰҚЫМДАР МҰҚИЯТ ТАҢДАЛАДЫ
– Негізінде, аграршылардың басты міндеті – жыртылған жерлерде өсірілген сапалы азық-түлікпен халықты толық қамтамасыз ету, – деп ойын бастады Кенжегазы Тоқтасынов. – Бұл міндетті ауыл шаруашылығы дақылдарының жоғары өнімділігі арқылы шешуге болады.
Мұнда маңызды факторлардың бірі – дамыған тұқым шаруашылығы мен жоғары өнімді сорттардың болуы. Олар өндірісте қолданылған кезде астық дақылдарының түсімі әр гектардан шамамен екі центнерге, кейде тіпті сегіз-он центнерге дейін артады.
Әңгімелесушіміздің айтуынша, кез келген дақылдың жоғары өнімділігі тек оны өсіруге қолайлы аймақ үшін сортты мұқият таңдаған жағдайда ғана мүмкін. Жаңа сортты жасау үшін селекционерлерге 10-15 жыл және одан да көп уақыт қажет. Бұл – орасан зор еңбек, уақыт және қаржы шығыны. Сонымен бірге жаңа сорт тек қажетті талаптардың бәріне сай болғанда ғана өндіріске енгізіледі. Егер перспективті сорт шаруашылыққа тиімді барлық қасиеттерге ие болса, оны Қазақстан Республикасының мемлекеттік комиссиясы селекциялық жетістіктер тізіліміне енгізеді. Осыдан кейін ол пайдалануға рұқсат етіліп, оның қолданылатын климаттық аймағы көрсетіледі.
ТӨЗІМДІЛІККЕ БАСА МӘН БЕРІЛЕДІ
Аграрлық ғылым, тәжірибе және өндіріс саласында Шығыс Қазақстанның өзіндік жетістіктері мен тәжірибесі бар.
– Соңғы бес жылда ШҚАШТС әзірлеген жаңа аудандастырылған сорттардың ішінде ең жоғары өнімділікті «Алтай-1» қысқы бидай сорты көрсетті, – дейді Кенжеғазы Тоқтасынов. – Бұл сорттың жоғары агрофон жағдайындағы әлеуетті өнімділігі гектарына 70 центнерге дейін жетеді. Ол ұнтақты зеңге және қара күйеге төзімді. Интенсивті типтегі бұл сорт орташа және жеткілікті ылғалдану жағдайларында – Шығыс Қазақстан мен Батыс Қазақстан облыстарының далалы, тау бөктерлі-далалы және таулы-алаңқайлы аймақтарында өсіруге арналған.
Маманның айтуынша, бұл жаңа сорт өсіп-өну кезеңіндегі күрделі жағдайларда тұрақты өнімділік, жоғары сапалы дән және түптеніп көктеп кетуге төзімділік сияқты ерекшеліктерімен шетелдік селекция сорттарынан айырмашылығы бар.
– Жаңа «Нұр-38» қысқы бидай сорты да жоғары өнімділікпен ерекшеленеді, – деп атап өтті сарапшы. – Орташа есеппен бұл сорттың әр гектарынан 44,3 центнер астық алынады. Оның артықшылықтары – ерте пісуі, жатақтамауы, дәннің шашылып қалмауы, зең ауруларына төзімділігі және құрамында шамамен 34% клейковинасының болуы.
Сарапшының мәліметінше, бұл қысқы бидай сорты Шығыс Қазақстанның таулы, далалы-алаңқайлы және тау бөктерлі аймақтарында өсіруге ұсынылады.
– Жақсы нәтиже көрсеткен және 2021 жылы аудандастырылған қысқы қарабидайдың «Өскемен» жаңа сорты да бар, – деп жалғастырды Кенжеғазы Тоқтасынов. – Бұл сорт облыс алқаптарында гектарына 44 центнерден астам өнім береді және жақын болашақта бұрынғы «Защита» сортын алмастыруға тиіс.
Айта кетсек, қысқы дақылдарды өсіру ауыл шаруашылығы құрылымдарына күзгі жинау кезеңінде машина-трактор паркінің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
ГЕНЕТИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТ
Интенсивті технологиялар дәстүрлі әдістерден техникалық, агротехникалық, агрохимиялық және биологиялық құралдардың жиынтығы бойынша ерекшеленеді. Мұнда механизация деңгейі, техникамен жабдықталуы және оның сапасы маңызды рөл атқарады. Себебі себу және жинаудан кейінгі өңдеу кезінде механикалық және химиялық әсер тұқым сапасына және кейінгі өнімге тікелей ықпал етеді. Нәтижесінде тұқымдардың себу сапасы төмендеп, ауру жұқтыру қаупі туындауы мүмкін, бұл аграршылардың назарында болуға тиіс.
Жоғары сапалы тұқымдарды себу – жоғары өнім алудың ең тиімді және шығыны аз әдістерінің бірі. Интенсивті технологияларды әзірлеу кезінде аграршылар мұны ескеруі қажет. Өндіріске жаңа сорттарды енгізу кезінде олардың генетикалық ерекшеліктерін де ескеру маңызды. Мамандар бұл қасиеттерді селекция барысында енгізуге тырысады.
– Генетикалық ерекшеліктерге тыңайтқыштарға шыдау қабілеті жатады. Одан кейін – пісу тобы, негізгі ауруларға төзімділігі, зиянкестерге шалдығу деңгейі, сорттың климаттық және биологиялық әлеуеті, сондай-ақ оны өсіру аймағындағы топырақ құнарлылығы мен сорттың икемділігі, – деп атап өтті тәжірибе станциясының директоры.
Мамандар тыңайтқыштарға шыдау қабілеті туралы айтқанда, өнімнің 40-50%-ға артуы минералды қоректендіру әсеріне байланысты екенін айтады. Бұл ретте кейбір сорттар интенсивті типке жатса, басқалары орташа агрофонды қажет етеді. Яғни, әрбір жағдайға жеке тәсілмен қарау керек.
Пісу тобы – сорттардың пісу мерзімі бойынша генетикалық ерекшеліктері. Негізгі ауруларға төзімділік аграршыларға химиялық өңдеу санын реттеуге мүмкіндік береді. Әртүрлі сорттардың зиянкестерге шалдығу деңгейіне байланысты өсімдіктерді химиялық қорғау қарқындылығы анықталады. Сорттың климаттық әлеуеті оның таралу аймағына және белгілі бір климаттық жағдайларда ең жоғары өнімділікке тікелей байланысты. Биологиялық әлеует – әрбір өсімдіктің генетикасына қарай белгілі бір жағдайларда максималды өнім беру қабілеті. Сорттың икемділігі дегеніміз – оны өңірдің әртүрлі жағдайларында өсіргенде қанағаттанарлық өнім көлемін қалыптастыру қабілеті.
– Сорттардың генетикалық ерекшеліктерімен қатар, оны өсіру аймағындағы топырақ құнарлылығын ескеру де маңызды, – деп қосты аграрлық ғылым өкілі.
ЕГІС АЛҚАБЫНД|АҒЫ МІНДЕТТЕР
Аграршылардың айтуынша, өздерінің логикалық міндеттерін олар тікелей егіс алқабында шешуге мәжбүр. Ғалымдардың зерттеулері көрсеткендей, бір шаршы метрге 550 өнетін дән себілсе, жинау кезеңінде орташа есеппен шамамен 340 масақ қана қалады. Ал қалған 210 масақ қайда кетеді?
Белгілі болғандай, егін жинау кезінде аграршылар 5-15% ұсақталған дән алады, 20-25% дән жарақаттанады, ал шамамен 15-21% дән макро- және микрозақымдануға ұшырайды. Нәтижесінде, 12-18% тұқымның егістік өнімі төмендейді, ал тағы 15-20% тұқым өсіп-өну кезеңінде жойылып кетеді. Мұның үстіне, 5-10% тұқым толық жетілмеген масақ құрайды.
– Ауылшаруашылық дақылдарының жоғары өнімін алудың маңызды шарты – сортты жаңарту, – деп атап өтті Кенжеғазы Тоқтасынов. – Сорттың генетикалық әлеуеті жылдар өте келе жоғалады: тұқым сапасы нашарлайды, аурулар мен зиянкестерге төзімділігі төмендейді, өну қабілеті азаяды. Өндірістік өнім көлемінің азаюын болдырмау үшін шаруашылықтар кем дегенде әр бес жыл сайын пайдаланылатын сорттарды жаңартып отыруы қажет.
БИІК МАҚСАТТАР
Аграрлық ғылым мен тәжірибенің мәліметінше, агроөнеркәсіп кешенінің болашағы интенсивті технологияларда жатыр. Алдыңғы қатарлы технологиялармен әртүрлі ауылшаруашылық дақылдарын сәтті өсіру үшін ең алдымен пластикалық сорттарды қолдануға басымдық беру қажет деп санайды мамандар.
– Бұл сорттар шаруашылық тұрғысынан пайдалы қасиеттердің кең ауқымына ие, – дейді ШҚАШТС директоры Кенжеғазы Тоқтасынов, – сондай-ақ жоғары биологиялық өнімділік әлеуетімен ерекшеленеді. Олар биологиялық стрестерге табысты қарсы тұрып қана қоймай, артқан абиотикалық жүктемелерге де шыдас береді. Сонымен қатар мұндай сорттар алынған өнім сапасын сақтап қалады.
Сарапшылардың пікірінше, өсімдіктердің биологиялық әлеуетін толық ашу тек жоғары сапалы тұқымдық материалды пайдалану және интенсивті әрі жоғары интенсивті технологиялардың барлық агротехникалық талаптарын сақтау арқылы мүмкін болады.
Айта кетейік, соңғы бес жыл ішінде ШҚАШТС 50-ден астам әртүрлі дақылдың сорттары мен гибридтерін жасап, мемлекеттік сорт сынағына (МСС) тапсырды. Ғылыми мекеме Қазақстанның бірнеше облыстарына арналған мал азықтық дақылдар тұқымдарының негізгі жеткізушісі болып табылады және көптеген шетелдік ғылыми ұйымдармен ынтымақтастық туралы келісімдерді іске асыруда.
Мейір Тоқабаев