Сайлаухан Әбілханұлының 85 жылдық мерейтойы: өмір мен еңбектің құрметіне арналған кеш
Өскемендегі А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада Күршім ауданының тумасы, Күршім, Катонқарағай, Тарбағатай аудандары мен Өскемен қаласының Құрметті азаматы, қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Аухадиев Сайлаухан Әбілханұлының 85 жасқа толуына арналған кеш өтті,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кешке Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит, қалалық мәслихаттың төрағасы Александр Светаш, бірқатар аудандардың ресми өкілдері, сонымен қатар, кезінде қызметтес болған замандас әріптестері мен қала зиялылары қатысып, ақсақалға жүрекжарды құттықтау лебіздерін білдіріп, иығына шапан жапты.
Кешті жүргізген ел ағасы Сағымбек Ақанов Сайлаухан ақсақалдың саналы ғұмырына тоқталып, оның мемлекеттік қызметтегі еңбегі мен адамгершілік қасиеттері туралы кеңінен баяндады.
Мерейтой иесінің осыған дейін "Еңбекпен өрілген өмір" атты алғашқы кітабы жарық көрсе, 85 жасқа толу мерейтойында ол тағы бір құнды еңбек - "Есте жүрер есті сөз" атты ғибратқа толы кітабын ұсынды. Жаңа туындының тұсаукесер рәсімі кеш барысында өткізілді.
Кеш замандастардың естеліктерімен, танымал өнерпаздар Есмұрат Қыдырмолдин, Нәбиолда Кемешев, Жұмабек Демесіновтің жүрекке жеткен әндерімен және үлкенге деген шынайы құрметпен есте қалды.
Бұл мерейтой елге еңбегі сіңген тұлғаға көрсетілген зор ықылас пен құрметтің жарқын көрінісі болды.
Серік Құсанбаев