KZ
Өскемен
снег жел 7 м/с, Ю
525.11 546.74 4.88

ШҚО-да мәдени-танымдық туризмді дамыту қолға алынып отыр

30.12.2024, 13:30 438 Төлеуғазы Жансая

Келесі жылы Шемонаиха ауданында туристерге арналған визит-орталық ашу жоспарланып отыр. Бұл – Ресейден келген қонақтар үшін Шығыс Қазақстанның «қақпасы» болып саналатын ауданның туристік әлеуетін дамытудағы маңызды қадам, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.  

ШҚО әкімі Ермек Көшербаев аудан халқымен есептік кездесу барысында өңірдегі туризмді дамытудың маңызын атап өтті.  

– Туристер өңірімізбен еліміз туралы толық ақпарат алуға тиіс. Шығыс Қазақстанға осы жақтан кірген кезде олар дәл осы Шемонаихада қайда бару, қайда тоқтау және нені көру керектігін нақты шешуі қажет. Визит-орталық қонақтарға қажет барлық мәліметті ұсынатын алғашқы орынға айналады, – деді өңір басшысы.  

Шемонаиха ауданының туристік әлеуеті зор. Қазір ауданда туристерге арналған 9 орналасу орны тіркелген, ал осы жылдың 9 айында келушілер саны 5 мыңнан асты, бұл 2023 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 20%-ға көп. Әсіресе, мәдени-танымдық туризмді дамытуға баса назар аударылмақ. Аудандағы басты нысандардың бірі – Марьяжартасы, ол ресейлік туристерді тартуға әлеуетті орын. Сондай-ақ «Тени исчезают в полдень» және «Вечный зов» туындыларының фестивальдерін өткізу қарастырылуда.  

Сонымен қатар 2028 жылға дейін Шемонаиха ауданында 60 млн теңге сомасына үш туристік жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Алайда Ермек Көшербаев бұл көрсеткіштің жеткіліксіз екенін айтып, осы бағыттағы жұмысты жандандыруды талап етті.  

– Әкімдер «завхоздарға» айналмауға тиіс. Сіздер – саяси мемлекеттік қызметшісіздер. Басты міндеттеріңіз – ауданның дамуына, инвестиция тартуға және экономиканың өсуіне жағдай жасау. Егер турист аудандарыңыздан өтіп, ең болмағанда мың теңге қалдырмаса, бұл – ойланатын жағдай, – деді облыс әкімі.  

Туристік инфрақұрылымды жақсарту мақсатында «Үлбі» автокөлік өткізу бекетін жаңарту жұмыстары басталды, сондай-ақ екі санитарлық-гигиеналық торап салу жоспарлануда. Аудан әкіміне кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірлесе отырып, осы жобаларды іске асыру жөнінде ұсыныстарды 2025 жылдың 16 қаңтарына дейін беру тапсырылды.  

Сондай-ақ ауыл туризмін дамыту негізгі міндеттердің бірі болып қала бермек. Бұған мысал ретінде жазда үйлерін қонақтарға ұсынатын Коробиха тұрғындарын айтуға болады. Облыс әкімінің тапсырмасымен аудан, ауыл әкімдері Коробиха тәжірибесімен танысып, сондай-ақ тәжірибе алмасу мақсатында Алматы облысына барып келді.  

Шемонаиха ауданы орман мен өзендер сияқты өз рекреациялық ресурстарын тиімді пайдаланып, Үлбі өзені бойымен жүзулер ұйымдастыру арқылы Шығыс Қазақстанның туристік хабына айналуға қауқарлы. Ермек Көшербаевтың айтуынша, әр туристік орынға саяхатшыларды қызықтыратын ерекше «аңыз» қосуды да ұмытпау қажет.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу