«Бір қабатты Шығыс»: үйлердің 15-20 пайызы қат мамандарға берілмек
«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үйлердің 15-20 пайызы денсаулық сақтау және білім беру саласының қызметкерлеріне берілетін болады. Бұл кадр тапшылығы мәселесін шешуге көмектеспек, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Биыл Шемонаиха ауданында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында жаңа үйлер салынбаған. Осыған байланысты облыс басшылығы аудан әкімдігіне тұрғын үй құрылысын жандандыру мақсатында жеке инвесторларды тарту және тиімді жоспарлар ұсыну міндеттерін жүктеді.
Былтыр ауданда «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 60 пәтер берілген.
Ағымдағы жылы ауданда бір қабатты үйлердің құрылысы қарастырылмаған. Шемонаиха ауданының әкімдігі көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алу жөнінде ұсыныстар енгізбеген.
ШҚО әкімі Ермек Көшербаев аудан басшылығына құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасымен бірлесіп, үйлер құрылысына жеке инвесторларды тарту мәселесін пысықтауды тапсырды.
Ержан Әбіш