Шалқар көлінде қысқы туризм маусымы ашылды (видео)
Ұлан ауданында Шалқар көлінің жағасында шығысқазақстандықтар мен аймақ қонақтары үшін қысқы туризм маусымының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аудан әкімдігі демалушыларға арнайы концерттік бағдарлама, музыкалық нөмірлер, ыстық тағамдар мен сусындар ұсынды. Сонымен қатар белсенді демалыс түрлеріне жағдай жасалды.
Жыл сайын Ұлан ауданына қысқы спортты сүйер қауым жиналады. Олардың сүйікті демалыс орындарының бірі – Шалқар көлі. Аудан әкімінің орынбасары Қуат Оқасовтың айтуынша, маусым бойы адамдар көлге коньки тебуге келеді. Биыл салтанатты шараға тек шығысқазақстандықтар ғана емес, шетелдік қонақтар да қатысты. Олардың қатарында Франциядан келген саяхатшы жұп Максим Пави мен Дельфин Пошиньо бар.
Концерттік бағдарлама мен аудандық мәдениет бөлімі ұйымдастырған байқаулардан бөлек, Шалқар көлі мұз айдынында Өскеменнің «Жұлдыз» клубы спорт шеберлері, мәнерлеп сырғанаушылар Екатерина Полинкина мен София Мұхаметкаирова өнер көрсетті.
Аудан демалыс сүйер қауымға конькимен сырғанау мен шаңғы тебу секілді белсенді ойындардан басқа да қызықты ұсыныстар әзірлеген.
Көлдегі қауіпсіздікті төтенше жағдайлар қызметкерлері қамтамасыз етеді. Олар ауысыммен кезекшілік атқарады. Сондай-ақ оқыс жағдайлар болған жағдайда жедел жәрдем қызметі де дайын тұр.
Александр Харламов
Фото: Аяужан Утеулинова
Видео: Жәнібек Ырысбай