KZ
Өскемен
-11°
ясно жел 1 м/с, З
528.52 539.14 5.17

Әзірге жылу тарифінің қаншаға өсетіні белгісіз (видео)

Кеше, 19:00 191 Гульжан Мусина

«Шығыс жылу» акционерлік қоғамының ғимаратында 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап жылу тарифін өзгертуге қатысты жария тыңдау өтті. Жиында «Өскемен ЖЭО» ЖШС және «Шығыс жылу» АҚ өкілдері жылумен қамту бойынша «Инвестицияға айырбастау тарифі» жаңа бағдарламасын таныстырып, жоспарланған жөндеу жұмыстары туралы есеп берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Инвестицияға айырбастау тарифі» бағдарламасы аясында жобаларды іске асыру үшін «Өскемен ЖЭО» ЖШС-не 10 миллиард 776 миллион теңге қажет. Кәсіпорынның техникалық директоры Нұрлан Ахметжановтың айтуынша, станцияның сенімді әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қазандық агрегаттарын күрделі жөндеу, күл төгетін орын салу, сондай-ақ негізгі бу құбырларын ауыстыру қажет.

– Бұл қаражатқа бес қазандықты жөндеу жоспарланған. Олардың тозғаны сарапшы комиссиялардың шешімімен расталған. Сонымен қатар қазандықтар үшін жоғары және орташа қысымды сорғыштар, бульдозер сияқты техникалар сатып аламыз. 2021 жылдан бері салынып жатқан №5 күл төгетін орынды 2025 жылдың тамыз айында аяқтап, пайдалануға береміз. Екі қазандықта жоғары қысымды бу құбырларын ауыстыру қарастырылған. Нәтижесінде агрегаттардың тозу деңгейін 2,3 пайызға төмендетуге қол жеткіземіз, – деді Нұрлан Ахметжанов.

«Шығыс жылу» АҚ техникалық директоры Асхат Бұқатовтың айтуынша, жылу желілері әбден тозған:

– Біз 1 миллиард 108 миллион теңгеге 14 учаскедегі, жалпы ұзындығы алты километрден асатын желілерді ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Бұл учаскелер 25-40 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді және соңғы жылдары жиі ақаулар шығып жатыр. Ахмер кентіндегі №5 қазандықты күрделі жөндеуден өткізуді көздеп отырмыз. Қазандықтың тозу деңгейі 80 пайызға жеткен, ондағы төрт қазан да ескірген. Жөндеу жұмыстарын екі жылда аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Асхат Бұқатов.

Техникалық директор 2024 жылы 29 учаскеде жөндеу жүргізіліп, жылу желілері ауыстырылғанын айтты. Соның нәтижесінде желілердің тозу деңгейі 1,3 пайызға төмендеген.

Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының міндетін атқарушы Жұмагүл Мусипова жылу тарифін өсіруге жасалған негіздемелердің бірі жұмысшылардың еңбекақысын көтерумен байланысты екенін атап өтті:

– «Шығыс жылу» АҚ-нан бір жылда 150 адам жұмыстан шыққан. Олардың жүзге жуығы техникалық жұмысшылар. Кәсіпорын жалақыны орташа статистикалық деңгейге жеткізу үшін 23 пайызға көтеруді жоспарлап отыр. Осы негіздемелерге сүйенген өтінім қазір департаментте қаралып жатыр. Нақты шешім 25 қаңтарға дейін шығарылады. Әзірге тарифтің қаншаға өсетіні белгісіз, – деді Жұмагүл Мусипова.

Айна Ескенқызы

Фото: Нелли Петенева

Видео: Даниил Суворов

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу