Туризм – экономиканы дамытудың кешенді жүйесі
Облыстық әкімдік отырысында өңір басшысы Ермек Көшербаев туризмнің жай ғана бизнес емес, аймақтың экономикалық дамуына серпін беретін маңызды сала екенін айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Әкімнің айтуынша, туризмді дамытудың басты тетігі – жергілікті ресурстар мен мүмкіндіктерді тиімді пайдалану.
– Турист келген кезде тамақтанады, демалады, қыдырады. Ал осы қажеттіліктерді жергілікті кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы саласының өкілдері қамтамасыз етуі керек. Мысалы, Коробиха ауылында туристерге сырттан әкелінген азық-түлік емес, жергілікті қаймақ, май, ет өнімдері, бал ұсынылады. Сонымен қатар, самаурын қайнату, ұлттық тағам әзірлеу бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Бұл – ауылдың өз бастамасымен қалыптасқан табысты жобалардың бірі, – деді өңір басшысы.
Әкімнің айтуынша, туризм – тек экономиканы ғана емес, мәдениетті де дамытатын сала. Бүгінде шағын ауылдар өздерінің табиғи және мәдени ерекшеліктерін тиімді пайдалана отырып, туристерді тартудың жаңа жолдарын табуда.
– Туризм – ауыл шаруашылығы, мәдениет және қызмет көрсету салаларының тоғысуынан қалыптасатын үлкен жүйе. Әр өңір өзінің ерекшеліктерін ескере отырып, осы бағытта кешенді дамуды қолға алуы керек. Шығыс Қазақстанның әрбір мекені ерекше, сондықтан оның әлеуетін ұтымды пайдалану – өңірлік экономиканың дамуына тың серпін береді. Ендеше туризм саласы жан-жақты қызмет көрсету арқылы түрлі кәсіптердің дамып өсуіне ықпал етуі шарт, – деп атап өтті облыс әкімі.
Фото: Махаббат Ахметжанова
Оқи отырыңыз