KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 3 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Ертіс шахтасын басқарып отырған жас маман

15.09.2023, 15:34 1 599

33 жастағы Нұрбол Әжінов – жас болса да үлкен кенішті басқарып, 725 адамнан тұратын ұжымды бағыттап отырған білікті маман. Ол – Ертіс кеніші Ертіс шахтасының бастығы. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін алғашқы еңбек жолын осы Ертіс шахтасында бастап, мансап сатысымен біртіндеп көтерілді. Қазіргі таңда Нұрбол кен өндіру жоспарының орындалуына, барлық технологиялық және өндірістік процестерге жауап береді. 
Нұрбол Әжінов мансап биігіне көтерілуге жақсы ұжым мен тәжірибелі мамандардың өз білгенін үйретуі сеп болғанын айтады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі. 
Ертіс кеніші және жалпы өндіріс туралы алғаш рет қалай білдіңіз?
- Ертіс кеніші туралы туысым Көпжасар Айзархановтан естідім. Ол кісі шахтада үңгуші болып жұмыс істеген, міне, осы кісі тау-кен ісін үйренуге кеңес берді. Өндіріс туралы әңгімелерге қызыққандықтан 2006 жылы Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-ға осы мамандық бойынша оқуға түстім.
- Шахтаға алғаш түскен кезіңіз есіңізде ме? 
- Әрине, есімде. Мұндайды ұмытпайсың. Мен тәжірибеден өтіп жүрген едім, қасыма тәлімгер тағайындады, роба беріп, медициналық пунктке және электр тарату бөлмесіне жіберді. Жердің астына түскенде кішкене қорқыныш болды. Бірақ ол тез өтіп кетті. Алғаш түсуім өте қызық болды. Өйткені үйрену және бәрін теорияда, суреттерден білу бір басқа, ал бәрін өз көзіңізбен көру -мүлде бөлек дүние. 
- Мансабыңыз қалай дамыды?
- Университеттен кейін Ертіс шахтасына тау-кен шебері болып келдім. Бұл кезде ол Белоусов КБК-нің құрамында еді. Жасым – небәрі 21 жаста. Екі жылға жуық уақыттан кейін жөндеуді жоспарлау бөліміндегі орта мерзімді жоспарлау жөніндегі жетекші инженер қызметіне ауыстым. Содан кейін мені инвестициялық жоспарлау бөлімінің бастығы етіп тағайындады, ол қызметте мен бір жылдан аз уақыт жұмыс істедім. 2013 жылдың қыркүйегінде "Шығыстүстімет" ЖШС Ертіс шахтасының бас инженері болдым. 2016-2020 жылдар аралығында техникалық және инвестициялық жоспарлау бөлімінің бастығы, Ертіс ӨК техникалық директоры, Ертіс шахтасының өндіру учаскесінің бастығы қызметін атқардым. 2020 жылы Ертіс шахтасының бастығы қызметіне кірістім.
- Мұндай жетістіктерге не әсер етті?
- Шахтаға келгенде жоғары білімді маман болсам да, тәжірибем болған жоқ. Ұжым мені жақсы қарсы алды. Негізгі фактор тәжірибелі әріптестерімнің білгенін үйретіп, жол көрсетуі болды. 
- Сізді жұмыста және өмірде не ынталандырады?
- Отбасым. Жұмыстың ауырлығынан шаршап, кешке үйге келгенде "Әкем, әкем келді!" дегенді есту, қыздарым мен әйелімнің жымия қарсы алуы күш беріп, ынталандырады. Осыдан кейін бәрін дұрыс істеп жатқанымды түсінемін.

- Университеттен кейін кәсіпорындарда жұмыс істеуге ниет білдірген жастарға қандай кеңес айтасыз?
- Мен ең басты бір нәрсені айтайын. Өзіңізге және алға қойған мақсаттарыңызға сенімді болыңыз, сонда сіз жетістікке жетесіз. "Еңбек түбі – береке" деген мақалды ұмытпаңыз. Жақсы табыс - қиын жұмыстың нәтижесі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу