Жетісудан Өскеменге келіп, кәсібін дөңгелетіп отыр
Фото: ult.kz
Елімізде азаматтарды жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударуын ынталандыруға баса көңіл бөлініп отыр.
Осы орайда облыста жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыскерлермен қамтамасыз ету мақсатында ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу есебінен еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мансап орталығы еңбек ресурстары ұтқырлығы бөлімінің басшысы Индира Құрманованың айтуынша, бағдарламаның басты шарты - үміткер жұмыссыз және шығу өңірінде бір жылдан кем емес тұрақты тіркеуі болуы қажет.
Мансап орталығының ақпараты бойынша, былтыр қандастарды және қоныс аударғандарды квотаға қосу жөніндегі облыстық комиссияның шешімімен бағдарламаға қатысушылар қатарына
31 қандас отбасы (67 адам) енгізілген. Оның ішінде 24 отбасы Моңғолия Халық республикасынан, 3 отбасы Ресей Федерациясынан және 4 отбасы Қытай Халық республикасынан.
Жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударғандар 16 отбасы (45 адам). Оның ішінде 2 отбасы Астана қаласынан, 3 отбасы Алматы қаласынан, 3 отбасы Жетісу облысынан, 5 отбасы Түркістан облысынан, 2 отбасы Жамбыл облысынан және 1 отбасы Қызылорда облысынан көшіп келген.
Өскемен қаласына қоныс аударғандардың бірі - Сымбат Сембинова. Ол Жетісу облысы, Талдықорған қаласынан ұлымен бірге көшіп келген. Өз еркімен қоныс аудару бағдарламасымен танысқан ол Өскемен қаласы әкімдігінің Мансап орталығынан кеңес алып, қоныс аудару бағдарламасы бойынша өңірлік квотаға өтеді.
Жұмыс күші артық және жұмыс күші тапшы өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздіктерді теңестіру бағытындағы бағдарлама аясында жыл сайын жүздеген отбасы баспаналы болып, тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.