Қала әкімі жаңа нысандардың құрылыс барысымен танысты (Видео)
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов шаһарда бой көтеріп жатқан маңызды нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарымен танысты. Солардың бірі – Maxi Mall сауда-ойын-сауық орталығы, оның ашылуы биылғы мамыр айына жоспарланған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жобаның жалпы құны 14,5 миллиард теңгені құрайды. Қос қабатты кешеннің жалпы аумағы - 50 мың шаршы метр. Мұнда түрлі бренд дүкендері, кинотеатр, балаларға арналған ойын алаңдары, тамақтану орындары мен супермаркет болады. Жерасты тұрағы қарастырылмағанымен, кешен маңында 1900 көлікке арналған автотұрақ пен демалыс аймағы қарастырылған.
Құрылыс барысын бағамдаған қала басшысы жер асты автотұрақтарының қажеттілігіне ерекше тоқталды.
Алмат Талғатұлы сондай-ақ болашақ ипподромның орнына да барып қайтты. 28-шағын ауданда салынатын бұл кешен кәсіби және әуесқой деңгейдегі ат спорты жарыстарын өткізуге мүмкіндік береді. Жоба ұлттық және халықаралық турнирлер талаптарына сай әзірленген. Құрылыстың жалпы құны 1 миллиард 455 миллион теңгені құрайды.
Шаһар басшысы қаланың дамуы мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Жаңа әлеуметтік және ойын-сауық нысандары Өскемен тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
Айжанат Бақытқызы
Фото: Ермек Жиенбеков