KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОШ
506.43 522.43 5.28

«Кэмонт» мамандары Өскеменнің 25-ші шағын ауданына электр қуатын тартып жатыр

Бүгін, 15:30 51 Төлеуғазы Жансая

Электр қуатын, сондай-ақ су және жылу жүйесін ондаған жылдар бойы сарыла күтіп келген қала маңындағы шағын ауданда 41 жиынтық трансформаторлық қосалқы станцияны орнату және қосу жұмыстары басталды, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі. 

Өскеменнің 25-ші шағын ауданы тұрғындары бұл жерді игеруге 30 жылдан астам уақыт бойы талпынуда. Мұнда үй салғандардың барлығы бірдей көшіп келуге шешім қабылдамаған, себебі өркениеттің игіліктерінсіз өмір сүру қиын. Алайда шамамен 30 отбасы алдағы мүмкіндіктерге қатты қуанып отыр. 

Үш жыл бұрын бұл жерге құны 2 млрд теңге болатын су құбыры тартылғанымен, ол әлі күнге дейін іске қосылмаған. Таулы аймақта суды тұтынушыларға жеткізу үшін сорғылар қажет, ал электр қуаты болмағандықтан бұл мүмкін емес. Осы уақытқа дейін тұрғындар жеке электр желілерін пайдаланып, сол үшін қымбат ақы төлеп келген, генераторларды, тіпті жел генераторларын да қолданған. Тұрғын үйлерді жылыту да қиындық туғызған, себебі ұзақ жанатын «ақылды» пештер де электр қуатын қажет етеді. 

Қазір қала маңының тұрғындары трансформаторлық қосалқы станциялар орнатылатын блокты-модульді ғимараттардың (БМҒ) қалай салынып жатқанына қызығушылық танытып, жұмыс барысын бақылап жүр. Алғашқы 10 БМҒ-400 кВА іске қосылғаннан кейін-ақ тұрғындар электр энергиясын пайдалана алады. 

– Күштік кабель төселіп, БМҒ іргетасы құйылды, – дейді «Кэмонт» АҚ №2 монтаж учаскесінің аға прорабы Александр Бондарь. – Қазір осы бетон алаңдарға жалпы тұтыну қуаты 400 киловольт-ампер болатын трансформаторлық қосалқы станциялар орнатып жатырмыз. Бұл қосалқы станциялар бір-біріне болттық қосылыстар арқылы жалғанатын электротехникалық блок-модульдерден тұрады. Блок-модульдердің өзі бірнеше бөлікке бөлінген сэндвич-панельдерден тұрады, бұл олардың тасымалдануын жеңілдетеді. 

Барлық жабдық, сондай-ақ БМҒ аймақтың жетекші электрмонтаж кәсіпорны – «Кэмонт» АҚ зауытында шығарылған. Жобаны іске асырудағы кідірістің түрлі себептері болды, оның ішінде Еуропадан жабдық жеткізуге салынған санкциялар да бар. Алайда, қазіргі уақытта барлық мәселелер шешілген, ал мердігер өзіне алған міндеттемелерді жақын арада толық орындайды. 

41 қосалқы станция орнатылғаннан кейін оларды «Біріккен энергосервис компаниясы» балансына қабылдайды. Тұрғындар электр қуатын пайдалану үшін қызмет көрсетуге келісімшарт жасасуы керек. Осылайша, олар көптен күткен электр қуатына ғана емес, басқа да өркениеттің игіліктеріне қол жеткізбек.

Ержан Әбіш

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу