KZ
Өскемен
-8°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Электр қуатының тапшылығын шешу үшін Өскеменде қосалқы станция салынды

Фото – автордікі

18.09.2023, 22:01 315

Өскеменде қосалқы электр станциясы салынды. Қазіргі уақытта станцияда техникалық іске қосу жүріп жатыр.

25 мегаваттық қосалқы станцияға болашақта спорт нысандарының артындағы шағын аудан, 27-шағын аудан, Драма театрының артындағы шағын аудан қосылады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

— Біз қазір “Новая” деген қосалқы станцияның жанында тұрмыз. Жылдан жылға Өскемен дамып келе жатыр, жаңа үйлер, жаңа шағын аудандар пайда болып жатыр. Солардың бәрін электр қуатымен қамтамасыз ету керек. Бұл - 25 мегаваттық жаңа станция. Қазір техникалық іске қосу жүріп жатыр. Бұл нысан болашақта спорт нысандарының артындағы шағын ауданды, салынып жатқан көтерме сауда орталығын, 27-шағын аудандағы жер үйлерді, Драма театрының артындағы шағын ауданды тұрақты электр қуатымен қамту үшін қажет, — деді қала әкімі Жақсылық Омар.

Қала әкімінің айтуынша, бұл нысанды салуға электр қуатының жетіспеушілігі түрткі болған.

— Қазір үйлер көбейген сайын электр қуатының тапшылығы туындап отырғанын жасырмаймыз. Оны жою үшін жаңа станция салу керек болды. Ол алдын ала жоспарланып, соңғы 5 жылда құрылысы жүргізілді. Енді осы станцияны іске қосуға дайындалып жатырмыз. Бұрын не су жоқ, не тоқ көзі жоқ жерге үй салу үшін жер үлестіргенін білеміз. Қазір соны ретке келтіріп жатырмыз. Бұл станцияның ерекшелігі — Тәуелсіздік алғалы бері ШҚО-да салынған 25 мегаваттық бірінші станция. Бұл экономика үшін де, даму үшін де өте қажет нысан. Осы станцияның құрылысын толық аяқтап, іске қосқаннан кейін оны «Бірлескен энергия сервистік компаниясына» қолданысқа береміз, — деп сөзін түйіндеді шаһар әкімі.

Дерекке сүйенсек, бұл нысан бюджет қаражатына салынған. Сонымен қатар, қала әкімі алдағы уақытқа тағы бір қосалқы станцияның құрылысы жоспарланғанын айтты.

— Біз техникалық іске қосу барысында бірнеше күн бойы станцияның қызметін бақылаймыз. Кернеу класы — 110 кВ, төмен кернеу жағы — 10 кВ. Схемасы өте оңтайлы, өйткені бір трансформатордан екіншісіне өту жеңіл болады, барлық ажыратқыштар автоматтандырылған. Құрылғылардың бәрі механикалық емес, түгел цифрлық құрылғы. Даладағы ажыратқыштың өзін бұрын қолмен қосып, өшірсек, қазір қашықтан, автоматты түрде қосып, өшіреміз. Бұл осымен айналысатын кезекші қызметкердің қауіпсіздігі үшін қажет, барлық құрылғыны күйіп кетуден сақтайды, — дейді «Бірлескен энергосервистік компаниясы» АҚ-ның Алтай өңірі бойынша директоры Ерболат Алпиев.

Журналистердің “Станция қазір тоқ өшіп қалып жатқан аудандардағы мәселені шеше ме?” деген сұрағына да маман жауап берді.

— Осы маңдағы үйлерді электр қуатымен қамтиды. Тоқ өшіп қалып жатқан 19-шағын аудан, ол — бөлек. Оның да тағдыры бір жылдың төңірегінде шешіледі деп ойлаймыз, — деді өңірлік компанияның басшысы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу