Шығысқазақстандық қол күресшілердің мақсаты биік (Видео)
Өскеменде қол күресінен облыстық жарыс басталды. Бір айта кетерлігі, бұл дода тірек-қимыл аппараты, көру және есту мүшелері зақымданған мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында өтуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жарыстың төрешілер алқасынан хабарлағандай, бұл жолға жарысқа облысымыздың түпкір-түпкірінен келген 60-тан астам спортшы қатысуға ниет білдіріпті. Олардың арасында халықаралық додаларда олжа салған саңлақтар да аз емес. Мәселен, Зайсан ауданынан ат терлетіп келген спортшылар облыстық жарыста топ жарып, ары қарай облыстық және халықаралық жарыстарда жүлдеге таласуды мақсат етіп отыр. Бұл туралы зайсандық қол күресшілерді бастап әкелген Ермек Досбосынов мәлім етті.
Белгілі болғандай, аталған жарыста топ жарған спортшылар наурыз айында Талғар қаласында өтетін республикалық жарыста облысымыздың намысын қорғамақ. Жалпы, шығысқазақстандық қол күресшілердің әлеуеті қашан да жоғары болған. Облыстық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының директоры Балғабек Ақшолақовтың айтуынша, біздің спортшылар барған жарыстарынан құрқол қайтпайды.
Қазіргі уақытта облыстық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының алты филиалы бар. Олар Өскемен мен Риддер қалаларында, сондай-ақ Алтай, Глубокое, Зайсан және Тарбағатай аудандарында орналасқан. Ол бөлімшенің барлығында тәжірибесі толысқан бапкерлер жұмыс істейді.
Айта кетейік, облыс орталығында жалауын желбіреткен аймақтық чемпионат екі күнге созылады деп жоспарлануда. Жоғарыда жазғанымыздай, жүлделі орыннан көрінген спортшылар республикалық жарыста өнер көрсету мүмкіндігіне ие болмақ. Сол сияқты, биыл қол күресшілерімізді Үндістанда өтетін Азия чемпионаты мен Болгарияда ұйымдастырылатын Әлем біріншілігі сияқты байрақты бәсекелер күтіп тұр.
Нұржан Кенжеұлы
Фото-видео: Нелли Петенева