Өскеменде әлемдік деңгейдегі қонақ үй бой көтереді (видео)
Шығыстың бас шаһары Өскеменде 2027 жылы Hilton әлемдік брендінің 4 жұлдызды қонақ үйі салынады. 154 нөмірлі, 22 қабатты қонақ үйдің құрылысы биыл жазда басталады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Hilton қонақ үйі – жай ғана демалыс орны емес, заманауи бизнес орталығы мен мейрамханасы бар ірі кешен болады. Құрылысты «VK Development Group» компаниясы жүргізеді. Жобаның жалпы құны – 17 млрд теңге, оның 70 пайызы компанияның жеке қаражаты.
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов төрағалық еткен кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қалалық штабтың екінші отырысында бірнеше маңызды жоба таныстырылды. Олардың қатарында:
- Hilton қонақ үйінің құрылысы (Өзен вокзалы маңы, Ертіс көпірінің жанында);
- Жиһаз жасау өндірісін кеңейту;
- Қайта өңделмейтін пластикті кәдеге жарату өндірісін құру;
- Мобильді құрылғылар мен планшеттерге арналған ойындар шығару жобалары бар.
Қала әкімінің айтуынша, Өскеменде өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту үшін «Өскеменнің өнімі» бренді енгізіліп, жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсетілмек.
Hilton – өңірлік туризмді дамытатын жоба
Оның айтуынша, Шығыста, әсіресе Өскеменде туризмнің әлеуеті жоғары, алайда қала әлі күнге дейін туристік орталыққа айнала алмады.
Сонымен қатар, Өскеменде жаңа фестивальдер өткізу жоспарланып отыр. Ұлан ауданында бүркітшілер фестивалі, Соколов тауына көтерілу сынды дәстүрлі шаралар бар. Әкімдік бұл бастаманы қолдап, туристерді тартуға арналған жаңа іс-шараларды ұйымдастыруды көздеп отыр.
Жанаргүл Көкенайқызы
Фото: Нелли Петенева