Аблакетка ықшам ауданының тұрғындары үшін жағдай жақсарады
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов Аблакетка және Промбаза ықшам аудандарының тұрғындарымен кездесіп, оларды алаңдатқан өзекті мәселелерді тыңдады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кездесу барысында қала әкімі алдымен осы ықшам аудандарды жылумен қамтып отырған №3 қазандықтың жұмысымен танысты. Қазандық көпқабатты және жеке меншік тұрғын үйлерді, сондай-ақ әкімшілік ғимараттарды қоса алғанда, жалпы 233 абонентті жылумен қамтамасыз етіп отыр.
Тұрғындар қала басшысына Островский көшесіндегі жолдың сапасы, жылы аялдамалардың жоқтығы, қаңғыбас иттердің көбеюі, №13 мектеп ғимаратының тозығы жетуі, кәріз жүйелерінің жиі жарылуы, жергілікті саябақты абаттандыру қажеттілігі және мұсылман зиратына апаратын жолдың нашарлығы сияқты мәселелерді жеткізді.
Әкім көтерілген проблемалардың қаржы мен уақытты талап ететінін атап өтті. Дегенмен, жақын арада шешімін табатын өзекті мәселелерге назар аударылып, жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асатынын айтты. Кездесу қорытындысы бойынша қалалық ТҮКШ, «Өскемен Водоканал» және аймақтық басқару орталығына тиісті тапсырмалар берілді.
Жанаргүл Көкенайқызы
Фото: Аяужан Утеулинова