ШҚО қоныс аударушыларға баспана мен жұмыс ұсынады

gov.kz
Қазақстан тарихи отанына оралуға ниетті этникалық қазақтарды қабылдау саясатын белсенді түрде жүзеге асыруда. Осы мақсатта елде “Ата жолы” картасы енгізіліп, бүгінде 65 адамға берілді. Бұл карта шетел азаматтарына Қазақстанда 10 жылға дейін тұру және жұмыс істеу құқығын береді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Алайда, Шығыс Қазақстан облысында бұл картаны алу бойынша әзірге өтініш түскен жоқ. Дегенмен, аймақ қандастар үшін маңызды қоныс аудару орталығының бірі болып қала береді.
Биыл мемлекеттік квота аясында облысқа 269 адам қоныс аударды. Олардың басым бөлігі Қытай мен Моңғолиядан келген. Көшіп келгендерді қолдау мақсатында мемлекеттен 362 миллион теңге бөлінді. Оның 65 миллионы көшу шығындарын өтеуге, 6 миллионы жалдамалы тұрғын үй ақысына, ал 291 миллионы баспана сатып алуға арналған сертификаттарды қаржыландыруға бағытталды.
Қандастардың кәсіпкерлік бастамалары да мемлекеттің қолдауына ие болуда. Олардың қатарында Өскемендегі домбыра үйрету орталығы, қазақ қолөнер бұйымдарын өндіру, Глубокое ауданындағы кондитерлік цех, Катон-Қарағай ауданындағы қонақ үй бизнесі, Зайсан ауданындағы мал азығын өндіру жобасы сияқты бірнеше маңызды бастама бар.
Ал 2025 жылға қарай қоныс аударуға 35 өтініш қабылданды, оның 24-і мақұлданды. Бұл дегеніміз, келесі жылы 41 қандас Шығыс Қазақстанда жаңа өмір бастайды.
Қоныс аударып келгендердің Қазақстанға тез бейімделуіне көмектесу үшін цифрлық қолдау құралдары да іске қосылды. FSMSocial мобильді қосымшасы заңгерлік, медициналық және білім беру қызметтерін алуға көмектеседі. Сонымен қатар, ал Бейімдеу орталығы уақытша баспанамен және қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеді.
Этникалық қазақтарды қабылдау бағдарламасы қандастардың тезірек бейімделуіне, жұмыс табуына және Қазақстанның толыққанды азаматы болуына көмектеседі.