Жастар – ел ертеңі: Мемлекет оларға қалай қолдау көрсетуде?

gov.kz
Жастар – кез келген мемлекеттің басты байлығы, оның қозғаушы күші, кемел келешегінің кепілі. Бүгінгі жас буын – тек болашақ қана емес, ел дамуының бел ортасында жүрген маңызды әлеуметтік топ. Сондықтан мемлекет жастардың сапалы білім алуына, тұрақты жұмыспен қамтылуына, кәсіп ашуына, қоғамдық өмірге белсенді араласуына ерекше көңіл бөліп келеді.
Шығыс Қазақстан облысында 173 353 жас азамат бар, бұл – аймақ халқының 24 пайызы. Оның 66 пайызы қалада, 34 пайызы ауылда тұрады. Осы статистикадан-ақ жастардың қоғамдағы орны ерекше екенін аңғаруға болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ел Президентінің тапсырмасы бойынша жастарға барлық қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар жастардың бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына, өз ісін ашып, тұрақты табыс табуына, кәсіби қарым-қабілеттерін жетілдіруіне мүмкіндік беріп отыр.
Кез келген өркениетті ел үшін білім – негізгі басымдық. Шығыс Қазақстанда үш жоғары оқу орны мен 36 колледж жұмыс істейді. Оларда 31 581 студент білім алып жатыр. Қатарларында 275 шетелдік студент те бар, олар Германия, Италия, Чехия, Украина, Канада, Ресей, Қытай, Үндістан, Мысыр, Нигерия, Моңғолия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан секілді елдерден келген. Бұл өңірдегі білім сапасының жоғары екенін, шетелдік жастардың да осында келіп оқуға мүдделі екенін көрсетеді.
Мемлекет жастарға қолдау көрсету мақсатында «Серпін» бағдарламасын іске асырып жатыр. Бұл жоба арқылы еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен келген жастарға тегін білім беріледі. Бүгінде 588 студент осы бағдарлама аясында білім алуда.
Білім беру саласындағы тағы бір маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамту. Бүгінде облыста 8 университет жатақханасы және 14 колледж жатақханасы бар. Оларда орын тапшылығы жоқ, яғни студенттердің алаңсыз оқуына барынша жағдай жасалып отыр.
Бұған қоса, техникалық және кәсіптік білім беру сапасын дамыту мақсатында «Жас маман» бағдарламасы аясында 5 Құзыреттілік орталығы құрылған. Бұл орталықтар жастарға заманауи технологияларды меңгеруге, сұранысқа ие мамандықтарды игеруге көмектеседі.
Жастардың ең басты қажеттілігі – тұрақты жұмыс. Бұл бағытта мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Былтыр «Аймақтық жұмыспен қамту картасы» аясында 10 782 жұмыс орны құрылды. Атап айтсақ, ұлттық жобалар аясында 1311 орын, Мемлекет басшысының «Әр 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын» құру тапсырмасы бойынша 2935 орын, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда ашылған жаңа вакансиялар есебінен 4130 орын, әлеуметтік жұмыс, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар секілді субсидияланатын жұмыс орындарын құру аясында 2335 орын ашылды.
Осының нәтижесінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9%-дан 3,7%-ға дейін төмендеді. Бұл – еліміз бойынша ең төменгі көрсеткіштердің бірі.
Мемлекет жұмыс іздеген жастарға бірнеше бағыт бойынша қолдау көрсетеді. Олар – университет пен колледж түлектеріне алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік беретін «Жастар практикасы», еңбек өтілі жоқ жастар үшін тұрақты жұмысқа орналасудың тиімді жолы саналатын «Алғашқы жұмыс орны», тәжірибелі мамандар мен жастар арасындағы тәлімгерлікке негізделген «Ұрпақтар келісімі» жобалары.
Соңғы жылда 10 775 жас жұмыспен қамту орталықтарына жүгініп, 6 495 адам жұмыспен қамтылған, оның ішінде 4 130 жас тұрақты жұмысқа орналасты.
Бүгінгі таңда жастар арасында кәсіпкерлікке деген қызығушылық артып келеді. Өз ісін бастағысы келетіндер үшін мемлекет қайтарымсыз гранттар ұсынып отыр. Өткен жылы 71 жас кәсіпкерге жалпы сомасы 104,8 миллион теңге болатын гранттар берілді.
Биыл гранттар саны 216-ға дейін көбейіп, әрбір жас кәсіпкерге 1 572 800 теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілмек. Бұдан бөлек, жастар business.enbek.kz платформасында кәсіпкерлік негіздерін оқып, арнайы сертификат ала алады.
75 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, оларға 602 жұмыс беруші мен 826 жас жұмыс іздеуші қатысты. Нәтижесінде 72 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 41 адам субсидияланатын жұмыс орындарына (жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы) жіберілді. Сондай-ақ 713 адамға түрлі кеңестер берілді.
Жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуын қамтамасыз ету – маңызды міндет. Қазіргі уақытта облыста 14 Жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар 2044 волонтерді біріктіретін аймақтық еріктілер фронт-кеңсесі құрылды.
Экологиялық және әлеуметтік жобалар аясында «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша былтыр 1021 жас маусымдық жұмыспен қамтылды. Бұл бағдарлама жастардың табиғатты қорғауға атсалысуына мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың жазғы демалыс уақытында табыс табуына да жағдай жасайды.
Ауылда жұмыс істегісі келетін жас мамандар үшін «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы іске асуда. Өткен жылы 133 жас маман 1 060,1 миллион теңге мөлшерінде несие, 417 жас көтермеақы алды.
Республикалық «Zhas Project» жобасы аясында 2024 жылы өңірде 14 жоба орындалды.
2017 жылдан бастап сұранысқа ие мамандық алу үшін өңірде «Білікті маман» аймақтық жобасы атқарылып келеді. Облыс әкімінің білім грантын 2 мыңнан астам жас алды.
Бүгінгі таңда мемлекет жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасап, олардың бәсекеге қабілетті, білімді, еңбекқор болуына жол ашып отыр. Жас буын үшін тек жұмыс қана емес, кәсіп бастауға, жаңа мамандық игеруге, білімін жетілдіруге, әлеуметтік жобаларға араласуға мол мүмкіндік бар.
Елдің ертеңін қалыптастыратын – жастар. Сондықтан мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды тиімді пайдаланып, өз болашағын бүгіннен бастап қалыптастыру – әрбір жастың өз қолында.