KZ
Өскемен
-5°
небольшой снег жел 1 м/с, С
523.54 546.47 4.99

Жоңышқа алқабындағы жаңбыр

29.08.2024, 10:02 226 Жанаргүл Мұқатай

Бұрын тек шетелден табылатын құрылғы өзіміздің облыста өндірілмек. Облыс диқандары, егіншілікпен айналысатын ірі шаруашылықтар Американыкі, ананыкі, мынаныкі деп қып-қызыл ақшаға шетелден сатып алып жатқан жаңбырлатқыш машиналар енді Өскеменде шығарылатын болады.

Өскеменде жаңбырлатқыштар шығарғалы жатыр

2021 жылы Астанада жаңбырлатқыш құрылғылар өндірісін ашқан «АDАМ» КТ күзден бастап шығыста да жаңбырлатқыш құрылғылар өндірісін жолға қоймақ.

– Астанадағы біздің жаңбырлатқыш құрылғылар шығаратын зауыт бұрынғы «Қазсельмаш» зауытының аумағында орналасқан. Қазір Өскеменнің жанындағы Казачье ауылында  жаңбырлатқыш құрылғылар өндірісін ашуға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өндіріске қажетті құрал-жабдықтар толық сатып алынды. Құрылғыларды өндіретін өзіміздің конструкторлық бюромыз, тәжірибелі мамандарымыз бар. Жаңбырлатқыштар осындай шетелдік құрылғылардан асып түспесе, кем түспейді. Сапасы жоғары. Жабдықтарға қажетті өнімдердің көбі өзіміздің зауытта жасалады, құрастырылмайды, жасалады. Қазақстанда жасалған өнім!  Жаңбырлатқыш құрылғыны отандық өнім деп мақтанышпен сенімді түрде айта аламын. Болашақта өнімдеріміздегі қазақстандық құрамды 92 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Ауыл шаруашылығының әлеуеті аса жоғары біздің елде егіншілікке аса қажетті құрылғыларды өзіміздің отанда жасап шығарсақ, ақшамыз шетелге кетпей өзімізде қалса деген ниетпен бастадық осы жобаны, - дейді «АDАМ» КТ зауытының техникалық мәселелер жөніндегі бас директоры Дидар Бимолдин.

Зауыт мамандары тек машиналарды шығарып қоймай, оны жүргізуге қажетті қосалқы шаруаларды да өздері атқарып отыр. Су көздерінің жанына жаңбырлтақыштарға қажетті сорғы стансаларын орнату, құрылғыны орнатуды жобалау, жүйеге құбырлар тарту, машиналарға сервистік қызмет көрсету сияқты кешенді қызметтерді де зауыт мамандары бастан-аяқ өздері атқарады.

Суғару технологияларына субсидия бар

«АDАМ» КТ зауытының автоматты жаңбырлатқыш машинасы қазір Ұлан ауданы, Ескі Азовое ауылының маңындағы «RAM AGRO» қожалығының егінжайында жұмыс істеп тұр. Ұзындығы 603 метрлік жаңбырлатқыш құрылғы осы қожалықтың 114 гектар жоңышқа алқабын суарып жатыр. Алқапқа люцерннің үш түрі егілген.

Алдағы уақытта аталған қожалық егіс алқабын ұлғайтып, тағы бес жаңбырлатқыш құрылғы сатып алмақ.

     Қазір Привольное ауылындағы «Багратион» шаруа қожалығының егістігі де осы «АDАМ» КТ зауытының жаңбырлатқыш машинасымен суарылып жатыр. Биыл шаруа қожалығы осы өндірушіден тағы да тоғыз машина сатып алуға тапсырыс берген.  Жалпы алғанда облыстағы 8000 гектар алқапқа осы машина қойылған.

Қазақстандық фермерлердің қажеттілігін ескере отырып әзірленген отандық жаңбырлатқыштар кез-келген көлемдегі егістікті суару тиімділігін арттырып, қуаңшылыққа, су тапшылығына қарамастан түсімді бірнеше есеге дейін көбейтуге мүмкіндік береді.

 

- Инженерлік өндірістік жұмыстарды 2013 жылдан бастап атқарып келеміз. Сөйтсе де, жұмысы көп салалы, сумен, автоматикамен, электр энергиясымен, темірмен байланысты жаңбырлатқыш құрылғыларды жасап шығару оңай болған жоқ. Кәсіпорында білікті инженерлердің, мамандардың, жұмысшылардың жеткілікті болуының арқасында үш жыл дегенде дайын машинаны жасап, өндіріске енгізуге қол жеткіздік. Жаңбырлатқыш құрылғыларының темірлерін  коррозиядан сақтау үшін мырыш қабатымен жаптық. Темірлерді де Қазақстанда мырыштадық. Ресейде темірлерді мырыштау біздің елдегіден әлдеқайда арзан болды, әр тоннасы 17 мың теңгеге арзан. Біз соған қарамастан өз қаржымыз өз елімізде қалсын деп, әрі көлік тасымалы шығынын есептеп, мырыштауды өзімізде жасаттық. Автоматты құрылғыларды бір адам ғана басқарады. Оператор өзеннен су тартатын су сорғысын іске қосып, машина жанындағы басқару жүйесінің түймесін басса болғаны дөңгелектерге орнатылған құрылғылар ақырындап жылжып, жаңбырлатып, егіс алқабын толық айналып шығады. Дауыл соққан жағдайда машина өздігінен автоматты түрде өшіп, тоқтап қалады. Егістік кешке қарай немесе түнде суарылады. Алқапты толық айналып суарып шыққанға 11-16 сағат кетеді, - дейді отандық құрылғыны жасап шығарудың қызығынан шыжығы көп болғанын айтқан «Ertis Bereke Oskemen» ЖШС директоры Асхат Жанқазақ.

Асхаттың айтқанындай, Астанада «Су Bereke » атауымен шығарылып жатқан жаңбырлатқыш машиналар өндірісі Өскемендегі «Өркен КШТ» индустриалдық аймағында ашылады. Қазір астаналық зауыт облыстағы «Ертіс» ӘКК мен бірлесіп осында «Ertis Bereke Oskemen» ЖШС құрған. Индустриалдық аймаққа қажетті инфрақұрылымдар тартылып біткенше зауыттың бастапқы өндірісі күзде Казачье ауылында іске қосылмақ.

    Жаңбырлатқыштарды шығаратын «АDАМ» КТ зауытында агрономдар да жұмыс істейді. Зауыт мамандары құрылғыларды құр құрып ғана бермейді, диқандарға егін түсімін молайтуда жаңбырлатқыштарды дұрыс қолдана білуді, егістік алқаптың құнарын арттырудың жолдарын да көрсетіп, кеңес береді.

    Иә, осындай ауыл шаруашылығына аса қажетті ақылды машина өзіміздің Өскеменде шығарылатын болса, диқандар  жаңбырды көктен күтпей, бір түймені басып қалып, жаз бойы бәленбай гектар алқапты жайқалтып қойып, астығын молынан алып, шабындығының шөбін бір емес бірнеше рет шауып алып отырар еді. Алайда мұндай автоматты машинаға екінің бірінің емес, тек ірінің қолы жетеді. Өйткені құны әжептәуір. Құрылығылардың бағасын гектарға шағып есептегенде, бір гектар жерге 600 мың теңге кетеді. Ал 50 гектар жерді суару үшін орнатылатын құрылғының бағасы 30 млн теңге көлемінде болады. Бірақ бұл мәселенің де шешімі бар. Түрлі суару технологияларын қолданған шаруашылықтарға мемлекеттен қаржылай көмек көрсетіледі.

 Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының түсіндіруінше, елімізде жаңбырлатып, тамшылатып суару құрылғыларын орнатқан диқандарға оларды орнатуға кеткен шығынның 80 пайызына дейінгі мөлшері мемлекеттен субсидия түрінде қайтарылып беріледі. Оның 50 пайызы республикалық бюджеттен, 30 пайызы жергілікті бюджеттен бөлінеді.

Сулы жер - нулы жер

Егін түсімінің артуына жаңбырлатып суару, тамшылатып суару сияқты алдыңғы қатарлы технологияларды қолданумен қатар суармалы алқаптарды көбейтудің де пайдасы орасан зор. Облыста суармалы алқаптардың аумағы артып келеді.

Республикалық меншіктегі су шаруашылығы нысандарын пайдаланумен және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне суармалы су берумен айналысатын облыстағы «Қазсушар» РМК  филиалының директоры Нұржан Әміржановтың айтуынша, жазда филиалдың арналары арқылы аудандардағы 7575 гектар суармалы  жерге 28,5 млн текше метр су берілген.  Облыс бойынша  су арналары арқылы су алуға 548 шаруашылық  келісімшарт жасасқан.

«Қазсушар» РМК  филиалының құрамына Зайсан, Ақжар, Күршім өндірістік учаскелері кіреді. Филиал теңгерімде облыс бойынша 53 су шаруашылығы нысаны бар, оның ішінде үш су қоймасы, жеті су торабы, 43 магистральдық канал бар.

Осы гидротехникалық құрылыстарға барлығы 49,609 мың гектар суармалы жер бекітілген.

Биылғы вегетациялық кезеңінен кедергісіз өту мақсатында филиал  күшімен Күршім, Зайсан және Тарбағатай аудандарында жалпы ұзындығы шамамен 43 км суару арналарында тазарту жүргізген.

Биыл арналармен су беру қызметі бойынша инвестициялық бағдарлама шеңберінде үш магистральдық арнаны (Күршім ауданындағы "Жауғашты", Марқакөл ауданындағы "Қарақия" және "Победа" магистральдық арналары) реконструкциялау бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу, сондай-ақ Зайсан ауданының Үйдене суару жүйесінің Р-3 және ЛМК - 2 магистральдық арналарында автоматтандыру жүйесін қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Үш арна бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу жыл соңына дейін аяқталмақ. Бүгінгі таңда арналарды топографиялық түсіру  жұмыстары, сондай-ақ геологиялық жұмыстар жүргізілуде. Автоматтандыру жүйесін қалпына келтіру бойынша мердігерлік ұйым анықталған, жұмыстар жыл соңына дейін тиянақталмақ.

– Сондай-ақ, биыл каналдар арқылы су беру қызметі бойынша суды есепке алу үшін жеті гидропостты (Күршім ауданында - 5, Зайсан ауданында – 1, Тарбағатай ауданында - 1) жөндеу жоспарланып отыр

Республикалық бюджет қаражаты есебінен Зайсан ауданында Кендірлік суару жүйесіне ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарлануда, атап айтқанда, Кендірлік су торабында және Жаңа Тоғам магистралдық арнасында бетон жұмыстары, сонымен қатар Қаратоғам арнасында  тазарту және бекіту ысырмаларын ауыстыру жұмыстары жүргізіледі,-  дейді «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Нұржан Әміржанов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу